Қоғам

Ақмолалық полицейлер 13 жасар қыздың мәйітіне қатысты ақпаратқа түсініктеме берді

© Photo : РixabayПодросток
Подросток - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі кезде құқық қорғау органдарының өкілдері хабарлама авторы мен оны таратқан адамды анықтап жатыр

АЛМАТЫ, 1 қыркүйек – Sputnik. Жоғалып кетіп, бір аптадан кейін өлі табылған қыздың ішкі органдары алынғаны туралы аудиожазба мессенджерлер арқылы тарап жатыр. Ақмола облысының полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Баланың ішкі органдары алынғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Полиция қызметкерлері жалған хабарламаның авторы мен оны таратқан адамды анықтау бойынша іс-шара жүргізіп жатыр", – деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, полиция қылмыстық кодекстің 99-бабы ("кісі өлтіру") бойынша тергеу амалдары жалғасып жатқанын хабарлады.

Жалған ақпарат авторы да, таратушы да жауапқа тартылады

"Қылмыстық кодекстің 315-бабы ("адам мәйітінің ағзалары мен тіндерін заңсыз алып қою") бойынша қосымша іс қаралмады және қаралмайды", – деп түсіндірді полиция өкілдері.

Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жарияланбайды. Іс полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.

Ақмола облысының полицейлері мен прокуратура қызметкерлері азаматтарға көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қолданыстағы заңнамада қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертеді.

"Қылмыстық жауапкершілікке тек жалған ақпарат авторлары ғана емес, сонымен қатар қылмыстық кодекстің 274-бабына ("көрінеу жалған ақпарат тарату") сәйкес жалған ақпарат таратқан тұлғалар да тартылады", – делінген хабарламада.

Көкшетауда 13 жасар қыз жоғалды

Айта кетейік, 21 тамыз күні түс кезінде 13 жасар қыз шашын бояту үшін Көкшетау іргесіндегі Красный Яр ауылындағы шаштаразға кеткен. Салонда өзіне қажет реңк болмаған соң, ол салоннан шығып кеткен.

Жоғалған қыздың жерге көмілген денесі 28 тамыз күні Красный Яр ауылынан 5 шақырым жерден табылды.

Кейін Красный Ярдың 30 жастағы тұрғыны өзіне қол салғаны хабарланды. Бірер күн бұрын полицейлер 13 жастағы қыздың іс-түссіз жоғалуына байланысты одан куәгер ретінде жауап алған.

Ал марқұмның туыстары мен жақындары полицияны өзіне қол салуға итермеледі деп айыптап отыр.

Қазіргі кезде бұл іс бойынша өзіндік қауіпсіздік басқармасы тергеуді жүргізуде.

Оқи отырыңыз: Көкшетауда 13 жастағы қыз жоғалды: полиция жауап алған ер адам өз-өзіне қол жұмсады

 

Жаңалықтар
0