АЛМАТЫ, 31 тамыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен 7 жасар баланың денесі табылды, деп хабарлады облыстың полиция департаменті. Өлімнің мән-жайын тергеушілер анықтайды, алайда қазірдің өзінде баланың денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар екені белгілі болды.
Алтай ауданы Зубовск ауылында жеті жасар Эдуардты полиция мен еріктілер бір тәуліктен астам уақыт іздеді. Ата-анасы оның 29 тамызда әдеттегідей аулаға ойнауға, велосипед тебуге шыққанын, содан біраз уақыт өткеннен кейін жоғалып кеткенін айтты.
Туыстары бастапқыда баланы өздері іздеген, бірақ нәтиже бермеген соң 30 тамызда полицияға жүгінген.
Департаменттің хабарлауынша, дереу дабыл қағылып, полицияның барлық жеке құрамы, еріктілер, сондай-ақ ауыл тұрғындары баланы іздеуге жұмылдырылды.
"30 тамызда іздеу шаралары тоқтатылды, баланың денесі Зубовск ауылының жанынан табылды. Денесінде зорлық белгілері бар. Жағдай анықталып жатыр", - делінген полиция хабарламасында.
Тәртіп сақшылары бала соңғы кездескен адамды анықтап, Зубовск ауылының 20 жастағы тұрғынын ұстады.
Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің "адам өлтіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Тергеу барысында күдікті кінәсін мойындап, Алтай ауданының полиция бөлімшесінің уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.