НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз – Sputnik. Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты оқушылардың көпшілігі үшін жаңа оқу жылы қашықтықтан басталады. Біреулер үшін "үйде оқу" форматы қатал және мәжбүрлі сынақ болса, кейбіреу оны негізгі немесе қосымша білім беру үлгісі ретінде таңдады.
Қазақстандық интернет-қоғамдастықта баласын мектептен тыс оқытқысы келетін ата-аналардың саны қазірдің өзінде 5 мыңға жуықтаған. Пандемия басталғалы онлайн мектептерге қызығушылық айтарлықтай өсті.
Осы уақытқа дейін Қазақстанда өздігінен оқу және қорытынды аттестаттаудың құқықтық негіздері болған емес. Пандемияға байланысты заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр, алайда білім министрлігі қашықтан оқыту ерекше жағдайларда ғана қолданылатынын мәлімдеді.
"Балаларды алып кету керек": Қазақстанның білім министрлігі биылғы өзгерістерді жариялады
Дегенмен кейбір қазақстандық ата-аналар амалын тауып, балаларын ресейлік онлайн-мектептерге жаздырып жатыр. Ресейде "отбасылық білім беру" заңды саналады. Мұндай тәжірибе АҚШ пен Еуропаны қосқанда, 45 елде қолданылады екен. Қазақстандықтар арасында ең танымал 5 онлайн-мектеп бар, ондағы білімнің орташа құны жылына 36-50 мың рубльді (орта есеппен 200-250 мың теңге) құрайды.
Онлайн-мектептердің ерекшелігі неде, отбасылық білім берудің артықшылығы мен кемшіліктері қандай? Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне балаларын осындай білім беру мекемелеріне берген ата-аналар айтып берді.
"Бала өз бетінше оқитын болды"
Бесінші сыныпта Жанна Балтабаева ұлына кейбір пәндер бойынша білімін жетілдіру үшін онлайн-мектептердің бірінде қосымша сабақ алуды ұсынды. Биыл 12 жастағы бала ресейлік онлайн-мектепке алтыншы сыныпқа барады.
"Біз өткен жылдың қазан айынан, бесінші сыныптан бастап оқыдық. Алғашында тіркелмедік. Бала жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсініп, өзін ұстай білуді үйренгенін қаладым. Ұлым екі мектепте оқыды, орыс тілін қосымша оқыды, өйткені біздің деңгей жеткіліксіз болды", - дейді Жанна.
Алғашқы үш ай өте қиын болған, бірақ кейін оқушы оған бейімделе бастайды.
"Біз толығымен онлайн-мектепке көшуді ұйғардық. Құжаттарды өзіміздің мектептен алып, ресейлік мектепке жаздырдық. Құжаттар бірнеше күн қаралады, содан кейін бала тіркеледі", - деп түсіндірді оқушының анасы.
Онлайн оқытудың артықшылықтарының қатарында Жанна ұлының дербес және жауапты бола бастағанын атап өтті.
"Ол өзінің күнін жоспарлап, басқа да істермен айналыса алады. Мысалы: ол таңертең тұрып, сабағын орындайды, күні бойы бос. Немесе ол күндіз өз шаруаларымен айналысып, ал кешке сақбаққа дайындалады. Ол бұған өзі жауапты", - дейді ол.
Сонымен қатар, оқушы қосымша ақпарат іздеуге үнемі қызығушылық танытып отырады, зерттеумен айналысады, өз бетінше білім алу дағдыларын дамытады.
"Кітапты көбірек оқитын болды", - дейді Жанна.
Кемшіліктердің қатарында басқа балалармен қарым-қатынас жетіспейтінін атап өтуге болады. Пандемия кезінде бұл проблеманы қашықтықтан оқитын барлық оқушы бастан өткереді.
"Біз пандемияға дейін ауысып, күйзеліссіз оқыдық"
Альбина Денисова қазіргі 11 жастағы бесінші сынып оқушысын ақпан айында онлайн оқытуға ауыстырды.
Төртінші тоқсанды бала барлық мектеп оқушысы сияқты қашықтықтан, бірақ күйзеліссіз аяқтады. Қазақстан үшін қашықтықтан оқыту жаңа тәжірибе болды және белгілі бір қиындықтар қатар жүрді. Ал Альбинаның ұлы оқитын интернет-платформада оқыту курсы уақыт сынынан өткен.
"Біз онлайн-мектепке наурыз айында, үшінші тоқсанның соңында көштік. Баламмен қашықтан оқытуға көшу мүмкіндігі туралы көптен бері сөйлесіп жүрдім, ақпарат жинап, мектепті таңдадық", - дейді Альбина.
Ол мектептегі оқыту деңгейі қашықтықтан оқуға көшу туралы ойлануға мәжбүрлегенін жасырмады. Оқушы Ресей азаматы болғандықтан, Алматы мектебінен ресейлік мектепке ауысу қиын болмапты.
"Ақпан айының соңында бізге InternetUrok мектебіне тіркеу талонын жіберді. Ешқандай кедергі болған жоқ", - деп атап өтті Альбина.
Бала онлайн оқуды ұнатады – күн тәртібі ыңғайлы, бір ай ішінде қанша және қандай үй тапсырмаларын орындау керек екендігі алдын ала белгілі.
"Барлық сабақ видеролик және мәтін түрінде жазылған. Үй тапсырмасы жұмыс дәптерінде орындалады, мұғалімге сканерлеп жібереміз. Тест түріндегі үй тапсырмалары да бар. Орыс тілі, әдебиет, математика пәндерінен тапсырмалар қолмен орындалады. География, қоғамтану, биология, тарих секілді басқа пәндерді компьютерде жасауға болады", - деп түйіндеді Альбина.