АЛМАТЫ, 27 тамыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ардақ Әшімбекұлын Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы қызметіне тағайындады, деп хабарлады Ақорда.
"Мемлекет басшысының өкімімен Ардақ Әшімбекұлы Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы болып тағайындалды", – делінген ақпаратта.
Бұған дейін бұл қызметті Мұхтар Аюбаев атқарды.
Ардақ Әшімбекұлы туралы не білеміз
Ардақ Әшімбекұлы 1977 жылы 1 мамырда Жамбыл облысында дүниеге келген.
1999 жылы ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара әскері институтын бітірген. Мамандығы – "құрылымдардың әскери-қызметтік әрекетін басқару".
Ал 2014 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінде "құқықтану" мамандығын алып шыққан.
Еңбек жолын 1999 жылы Республикалық ұланда бастады. 2001-2013 жылдары Қазақстан президентінің күзет қызметінде сан алуан офицерлік қызметтер атқарды.
Ал 2013 жылы күзет қызметі бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Бір жылдан кейін мемлекеттік күзет қызметі бастығының бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының қауіпсіздігі қызметіне келді.
Оқи отырыңыз: Жалған құжат жасайтындар көбейген: Ақорда көлеңкелі экономика туралы деректер жариялады
Ал 2018 жылы мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды.
2019 жылдың маусымынан бастап Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметі бастығының бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы тұңғыш президенті – Елбасының қауіпсіздік қызметінің бастығы болды.
ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған.