Қоғам

Баланы онлайн оқуға қалай дайындау керек – психологтар кеңес берді

© Sputnik / Владислав ВодневПланшет с видеоконференцией, дистанционное обучение
Планшет с видеоконференцией, дистанционное обучение - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Психологтар ата-ананың өзі дайын болмаса, бала да онлайн білімді қабылдай алмайтынын айтып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 28 тамыз – Sputnik. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың чаттары қыза түсуде. Негізгі тақырып – онлайн оқу. Біреулер сабақ кестесін іздесе, енді біреулер электронды жүйеге қалай қосылатынын ұмытып қалған. Чаттың іші бітпейтін сұрақ белгілері. Арасында "Шаршатты осы онлайн оқу, мектепке бару қашан басталады?" деген сауалдар да шығып қалады. Соған қарағанда кейбір ата-аналар жаңа оқу жылына психологиялық тұрғыда әлі дайын емес сияқты. Sputnik Қазақстан тілшісі психолог мамандарға хабарласып, баланы онлайн оқуға қалай дайындау қажеттігін сұрады.

Баланың жеке кеңістігін бұзбау керек

Балалар психологы Жаңагүл Қайырова алдымен онлайн оқуға қажетті жағдайды жасап беруге кеңес беріп отыр. Бала өзін мектепте отырғандай сезінсе, ештеңеге алаңдамайды, сабаққа зейін қояды.

"Үйдегі атмосферадан бөлек бір ыңғайлы орын болуы керек. Мысалы, мектепте парта мен орындық болса, үйде тура сондай бір ыңғайлы кеңістік жасап қойған дұрыс. Үйдің үлкен-кішілігіне қарамай, міндетті түрде баланың орны болғаны абзал. Сонда оның оқуға деген ынтасы артады. Өз кеңістігінде отырған бала үйдегі жағдайларға көп алаңдамай, сабаққа зейін қоя алады", – дейді Қайырова.

Маманның ойынша, ата-аналар оқу процесіне араласпауы керек. Бала мұғаліммен бірге толығымен сабаққа енуі тиіс. Оны қайта-қайта түртпектеудің қажеті жоқ.

"Енді, ата-аналар үйде жүргеннен кейін құлағын түріп жүреді ғой. Дегенмен, оқу процесіне араласып, "мына жерде былай ғой, мұғалімнің айтып отырғаны осылай, оны неге түсінбейсің" деп, комментарий айтудың қажеті жоқ. Бала мұғаліммен бірге сабаққа толығымен енуі керек. Ал сырттан айтылған ескертулердің пайдасынан гөрі зияны көп", – деп атап көрсетті Қайырова.

Достарымен кездесуге жағдай жасау қажет

Онлайн сабақ бітсе де, балаға бірден ескерту жасау дұрыс емес. Соның орнына қосымша ақпарат іздеп, оған жаңа тақырыпты түсінуге көмектесу керек. Сол кезде баланың өз-өзіне деген сенімі артады.

"Әдетте, бала мектепке кеткенде ата-анасы оның сабақта қалай отырғанын және не істегенін көрмейді ғой. Баланың өзі мектепте болған жағдайдың жартысын айтса, жартысын айтпауы мүмкін. Енді, ол мінез-құлқына байланысты. Сондықтан онлайн сабақ біткеннен кейін де баланың мазасын алмаған дұрыс. Оның біліміне, сабақты түсіну қабілетіне күмән туғызу өз-өзіне деген сенімін төмендетуі мүмкін. Сол себепті ата-анасы барынша ұстамдылық танықтан жөн", – деді Қайырова.

Бұдан бөлек, балада мектеп пен сыныптастарына деген сағыныш болады. Психолог маман сақтық шараларын сақтай отырып, осы сағынышты басуға жағдай жасау қажет деп санайды.

"Қазір балалардың бәрі өз сыныптастарын сағынады. Оларды көргісі келеді, араласқысы келеді, мектепке барғысы келеді. Сондықтан онлайн сабақтан кейін сыныптастарымен кездесуге рұсқат беру керек шығар. Меніңше, сақтық шараларын сақтай отырып, достарымен кездесуге жағдай жасау қажет", – деп түйіндеді Қайырова.

Балалар бәрін біледі

Психолог Серікгүл Сәлі де ата-аналарға психологиялық тұрғыда дайын болуға кеңес беріп отыр. Себебі, ата-ананың өзі дайын болмаса, бала да онлайн білімді қабылдамайды.

"Негізі, онлайн оқу ол да бір жаңалық, өмірдегі өзгеріс. Ал кез келген өзгерістің жаман жағы болмайды, жақсы жақтары көп. Ата-аналар онлайн оқуды солай қабылдаса, баласы да оңай алып кетеді. Себебі, бала көбінесе, ата-анасының көзқарасын көшіреді. Сондықтан үлкендер "онлайн оқу да бір жақсы нәрсе, біздің дамығанымыз, балаларға да қолайлы, себебі жұмысы да сонымен байланысты болады, соған жасалған қадам, біз үшін тиімді өзгеріс" деп, іштей қарсыласпай, соған бағынса, баласы да жаңа жағдайға оңай бейімделеді", – дейді Сәлі.

Онлайн оқу кезінде бала жылап, сабақты оқи алмаймын деп жатады. Маманның айтуынша, бұның барлығы – ата-анасынан берілген көзқарас. Оқушылар мектептен кейін де кейбір тақырыпты түсінбей келеді. Себебі, біреу сабақта түртіп отыруы мүмкін, басқа бір себептер де болады. Ал онлайн оқу кезінде ондай кедергілер жоқ. Дегенмен, тақырыпты түсінбей қалған балаға барынша көмектесу керек, ары қарай өзі де алып кетеді. Өйткені, қазіргі балалар техниканы жақсы біледі.

Оқи отырыңыз: Психолог қандай адамдардың және неге күз мезгілін ұнатпайтынын айтты

"Мысалы, менің үшінші сыныптағы қызым ноутбукқа пайдалы қосымшаларды өзі жүктеп алған. Онлайн тапсырмаларды көреді де, принтерден қағазға басып алады. Олар қабілетті балалар. Ата-анасы сол қабілеттілігіне сеніммен қарауы керек. Қазіргі балалар бәрін біледі", – деп атап көрсетті Сәлі.

Жаңалықтар
0