"Бұл намыссыз қыздың әрекеті": белгілі ақын қазақтың қателігін айтып қапаланды

© Photo : Ақұштап Бақтыгерееваның жеке архивіненАқұштап Бақтыгереева
Ақұштап Бақтыгереева - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жайықтың ақ шағаласы атанған қазақтың ақын қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында қазіргі әдебиет, оқырманның талғамы, ұрпақ тәрбиесі мен ақынға тән әдет жайлы әңгімеледі

АЛМАТЫ, 27 тамыз — Sputnik. Ақын Ақұштап Бақтыгереева қазақ қыздарына ақын болуды тілемейді. Айтуынша, қазан-ошақтың басында жүріп жыр жазу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ол үшін темірдей төзім, құлаш-құлаш күш-жігер қажет. 76 жасқа келген жыр әлемінің ақ шағаласы жиырмасында мөлдір поэзия жазса, отызда ана болып, шешесіне хат жазған. Жыл өткен сайын оқырман мен бала алдында ғана емес, немере алдында айтар сөзінің салмағы артқан. Алайда қазір қазақ әдебиетінің жағдайы мүшкіл екеніне, ақшаға жалданып жазатындардың көбейгеніне налыды. Ұрпақ алдында кеткен қателіктен сыр шертті.

15 жылға жуық уақыттан бері Батыс Қазақстан облысында жазушылар одағының бөлімшесінде басшылық қызмет атқарып келесіз. Бұл өңірдің топырағы талай талантты тудырғаны қалың қазаққа белгілі, ал кейінгі жастар не жазып жүр? Қазіргі әдебиетке деген көзқарасыңыз қандай?

Туған жерге келіп, жазушылар одағы арнайы тапсырған қызметті атқарып келе жатырмын. Жастарға көмектесу – менің борышым. Қазір әдебиетке қиын кезең келді, қоғамның пікірі екі жаққа бөлінді. Ақша, байлық пен әдебиет, өнер екі жаққа кетті. Талантты табиғат туады. Ақжайық өнерге, қаламгерге бай ел. Ән мен жырдың, күйдің, әдебиеттің елі еді, өкінішке қарай кейінгі жастардың жағдайы бола берген жоқ, ақшаға жалданғандар жазған әдебиет басып кетті. Қалтасы барлардың жазған әдебиеті басып кетті. Ұлттық құндылығымыз әлсіреді. Ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиетпен тәрбиеленген даланың отанын, елін сүйген ұрпағы едік. Батырлар жырының өзі даланы сүюге үйретіп еді. Қазір шетелге еліктеген әдебиет, жаңашаланған әдебиет келіп, қаламгерлер де бағытын білмей жүр.

Оқи отырыңыз: Мырзан Кенжебай: Абайды бүкіл ұлттың бас ақыны деу әрі күнә, әрі надандық

Облыста басшылықта отырғандарың арасында бірі әдебиетті түсінеді, енді бірі әдебиет неге керек, ақша санай алсақ, байысақ, бизнес жасасақ болды деген көзқараспен өмір сүреді. Кітапхана, әдебиет екінші орынға шығып қалды.

Қазір оқырман қандай, оқырманға оқиғасын ұсынатын қаламгер қандай?

Қазіргі оқырманның талғамын түсіріп алдық. Әдебиетке, классикалық әдебиетке жекелеген адамдардың ұсақ-түйегі кіріп кетті. Қазіргі жүріп жатқан жарнамаға байланысты жеңіл өмірді қалай сүруге болады, қалай оңай ақша табуға болады деген мазмұндағы кітаптар ойлы әдебиетті, парасатты, саналы әдебиетті, Абайдың айтқан ақылдарын таптап кетті. Сөйтіп, біз ненің не екенін айыра алмайтын оқырман болдық, ненің не екенін айырмайтын қаламгер көбейді. Қазір оқырман үнді мен түріктің кинолары секілді жеңіл-желпі дүниені оқиды. Барлық тақырып жеңілденіп кетті де, біз негізгі өз бағытымыздан шығып кеттік. Ұлы даланың әдебиеті, тәрбиесі, мәдениеті, жалпы мақсаты басқа болуы керек еді, бірақ біз одан айырылып қалдық. Себебі біз бірде анау болсақ дедік, бірде мынау болғымыз келді.

Көш жүре түзеле ме?..

Адамзат таяқты жеп барып, бір жерден құлап, қайта тұрып, сосын барып қайта орнына келетін сияқты болып көрінеді. Шатасып, құрып, ұлт болып жоғалып бара жатып, тілі мен мәдениетін жоғалтқан кезде ғана қайтадан өзінің негізгі тамырына оралар. Тамыры жоқ нәрсенің өмірі жоқ.

Көрші елге қарасаң, бірі жерін сүюді баласына жөргектен үйретеді, енді бірі қызын шетелдікке бермейді. Ал бізде жемқорлық өршіп тұр, халық баласын сатып, қыз бен ұлдың тәрбиесінен айырылып, отан сүюді айтпай, баба өсиетін айтпай, тек шетелге аузын ашып еліктейді.

© Photo : Ақұштап Бақтыгерееваның жеке архивіненАқұштап Бақтыгереева
Бұл намыссыз қыздың әрекеті: белгілі ақын қазақтың қателігін айтып қапаланды - Sputnik Қазақстан
Ақұштап Бақтыгереева

Біздің ел басқарып отырған әкімдер халықтың алдына шыққанда сөйлей алмайды, себебі олар әдебиет оқымаған. Тіл байлығы, ой байлығы жоқ. Абайға қайта келіп табынамыз, бірақ Абайды түсінетін бізде тіл жоқ. Абайды түсінетін сауат жоқ. Менеджердің оқуын оқып, Абайды түсінбесең, ол оқудың түкке де қажеті жоқ. Ұлттық тәрбие жоқ жерден ұлт көсемі шықпайды. Қазір қандай ғажап орындарда отырған жігіттер қойылған сұраққа ыңырсып жауап беріп, сөйлемін құрай алмайды. Әдебиет оқымаған адамның ойлау қабілеті азайып кетеді.

Қателік кімнен кетті?

Жаңалықтан біреудің баласын қоқысқа тастағанын хабарлап жатыр. Бұл барлық облыста болып жатқан жағдай, оның біреуін көреміз, бірі айтылмайды. Бала лақтыру адамзаттың қай ғасырында болған жайт екенін білмеймін. Бұл – адамның азуы, тозуы. Қазақ қызына қырық үйден тыйым деп үйретуші еді, ол қазір қайда? "Өзім үшін өмір сүремін" деп жазған қыздардың кітаптарынан шатасу көремін. Өткен ғасырдағыдай басыңа таяқ ойнатып, әйел бол деп отырған жоқпын. Қазақ әйелі, қазақ қызы қашан да қымбат болған. Бұған дейін бізге қызды қалың малға сатты деп қате түсіндірді. Қазақ қызды қыруар мал төлеп, алтын-күміске киіндіріп, қастерлеп жар еткен. Қазақ азаматы әйелін ешқашан басқа біреуге тәуелді етпеген.

Біз бәрін революция алдындағы фотолардан көріп, "мына қазақ осындай екен" деп шыға келдік. Абайды өсірген әжелер, Әбілқайырдың хатын жазып, Ресеймен арадағы қатынасқа араласқан Бопай ханымдар, Тұмар патшайымдар ұрпақтың, ұлттың намысын қорғаған кісілер. Ал біз кім болдық?

Төредей азамат пен керемет әйелдің қыздары шетелдікке күйеуге шығып, соның ұрпағын көбейтіп отыр. Бұл намыссыз өскен, өзін сыйламайтын қыздың әрекеті. Еркіндік дедік, бірақ сол еркіндікті ұға алмай қалдық. Еркіндік ортаға шығып айғайлау емес еді, әркімнің бетінен жұлып таласу емес. Соны түсіндіре алмай, заман солай деп қоя бердік.

Ұлды сүйген жарыңа пана боласың, жарыңды сыйлайсың, балаңа жауап бересің деп тәрбиелей алмадық. Қызға ошақты бұзбайсың, шаңырақты сақтайсың, көшеден бала алып келмейсің деп ұлттық тәрбиені айтқан жоқпыз. Біздің қателік – осы.

Ал әдебиетте жіберілген қателіктің жауабы бар ма?

Қазір жастардың махаббат деген сөзді қалай түсінетінін білмеймін. Ақшасы болса, жағдайын жасаса, махаббат болады деп ойлайды. Олай емес еді. Поэзияның өзінде қазір мөлдір сезім жоқ, оқысаң кейде шошисың. Әдебиет осының бәрін түсіндіретін үлкен құрал. Әдебиет адамшылдықтың тәрбиешісі болды. Бір ауыз сөздің өзінен мұхиттай терең білім алуға болады. Әдебиетте мейірім, қанағат жайлы қанша дүние бар еді. Соны оқытпағаннан тәрбиесі төмен, білімі аз ұлт болып отырмыз.

Оқи отырыңыз: "Мен ұлтшылмын": Қабдеш Жұмаділов неге таяқ жегені және кімдерді жек көретіні жайлы

Қазір тіл үйрену, бизнес, менеджер болу бірінші орынға шығып кетті. Әдебиетті оқымағандардан дұрыс менеджер де шыққан жоқ, бизнесмен де шықпайды. Әдебиеттің мейірімі мен ұлттық намысты оқымаса, ол азаматтан ештеңе шықпайды. Ол тіпті айналдырған екі баласы мен әйеліне, ошағына ие бола алмайды. Міне, әдебиеттің ұлылығы осында.

Адамның туған жері, өскен мекені әдебиетке жақын болуына әсер ете ме?

Қазақтың кез келген жерінің топырағы қасиетті, әр тасының ұлылығы бар. Тарихта ұлт тозып бара жатса, ұлы туып, жарыққа алып шығатыны туралы ұғым бар. Табиғат тобырды алып шығатын талантын береді. Біз талантты күтіп отырған сияқтымыз, себебі тобырға айналып кеттік. Талант топырағына қарамайды, кез келген жерден туады. Себебі, бәрі бір ұлт. Ол Маңғыстаудан да, Абайдың ауылынан да туады. Ал Жайық бойы тарихқа бай екені рас. Оны уақыт өзі береді, таланттар туатын кезең келеді.

Жиырма жаста, қырықта, алпыста қандай өлең жаздыңыз? Қазір жазып жүрген өлеңдеріңіздің мазмұны қандай?

Құстарың ерке көлдегі,

Тербейді желің құрақты,

Құйын да тентек, сендегі

Балалық шағым сияқты.

Адам өзгереді, жас кезінде бәрін мөп-мөлдір етіп көреді. Ол шақта мөлдір поэзия жаздым. Керемет ауыл бар еді, әдемі ерке құсты көрген балалық шағым бар еді. Соны жаздым. Одан кейін есейе келіп, жырлар жаздым. Ана болдым, ана болған соң жырымды анаға арнадым. Ананың махаббатын жаздым. Ананың ешкімнен қайтарым сұрамайтын мейірімін жаздым. Ананы сыйлау керек екенін және ананың ең қымбат адам екенін жаздым. Қазақ әйелінің рухын көтеретін жыр болды. Одан кейін мына жер бетінде болып жатқан сұмдықтарды анаға айтып, о дүниеге хат жаздым. О дүниеде мұндай жоқ па деп сұрадым. Одан кейін қоғамның хәлі, тартылған Жайық, азған қыз, жоғалған мейірім мен хәлімді жаздым.

Оқи отырыңыз: Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлымен сұхбат: "Назарбаевтың айтқаны болмады"

Жылдар өткен сайын көзқарас пен ой өзгереді. Ащысы да, тұщысы да бар. Оны жоспарламайсың, уақыт өзі келтіреді. Қазір естеліктер жазамын, қоғамның қателіктерінен қиналамын. 20-25 жасымдағыдан басқаша сөйлеймін, өйткені мен әже болып отырмын. Қазір бала ғана емес, немере алдында да жауаптымын.

Ақын ретінде өзгермейтін әдетіңіз бен қағидаларыңыз бар ма? Өлеңді қай уақытта жазасыз?

Әйелде әдет болмайды. Қазаны бар, жанұясы бар, баласы бар, немересі бар, қонағы бар, қазақтың әйелі мен осы кезде өлең жазамын деп отыра алмайды. Басқаны білмеймін, менің өлең жазатын уақытым ешқашан болған емес. Сағатпен отырып өлең жазған емеспін. Кейде қайнап жатқан қазанның астында жазып тұрамын, кейде нан илеп тұрып жазамын. Кей өлең базардан келе жатып жазылды. Кейде таңда, кейде түнде, бала жыламағанда, қонақ келмегенде жазылады. Өлең жазатын бөлмем, жазу үстелім болмады. Кейіннен қойдық, бірақ мен оған үйрене алмадым. Өлеңді ас үйде жазамын. Өскенде бала, кейіннен немере ас үйге іздеп келеді.

Қыз балаға ақын болу артық салмақ емес пе?

Қызға ақындықты тілемес едім. Ауыр. Барлық жағынан. Оған үлгеру үшін үлкен-үлкен жігер, қайрат, шыдам, төзім керек. Кейде әйел болудың өзі оңай шаруа болмайтыны бар, ал оған қоса ақын болу одан да қиын. Тағдыр берген соң амал жоқ, оны алып жүру керек. Шын ақынның миы, қабылдауы мүлде басқа болады. Ақынға бәрі әсер етеді, ал ол оңай шаруа емес. Біреу күліп отырса, сенің көңілің күйіп отырады. Ақынға табиғат еркіңнен тыс құбылыс сыйлайды.

Ерекше есіміңіз өміріңізге әсер етті ме?

Әсер етті.  Ұштап – жібек, сонау 18 ғасырда Жібек жолы арқылы таралған жібектің түрі. Жібектің үлбіреген, желбірегені емес, бедерлі, қалың, қыста да киюге болатын таза түрі. Жазда да күн өткізбейтін, қыста да тоңдырмайтын таза жібек. Мен туғанда әппақ болып туған екенмін, содан бәтес емес үлбіреген, жібек емес желбіреген деп атымды Ақұштап деп қойған екен. Жуған сайын есілетін, күнге оңбайтын, тозбайтын жібектің түрі. Өмірде ақындықты жоғалтпай, талай құлап-сүрініп, талай қиындықтан өтіп, қазан-ошақ, бесік-бала, барлығына шыдап жүргенім, ақын болып жеткенім атымның мықтылығынан шығар деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рахмет!

Жаңалықтар
0