АЛМАТЫ, 27 тамыз – Sputnik. Беларусь президенті Александр Лукашенко конституциялық реформаны қайта қарауға дайын. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин өзекті мәселелер бойынша "Россия 24" телеарнасында Сергей Брилевпен болған сұхбатта айтты.
"Егер халық көшеге шықса, адамдардың бұл әрекетімен санасу керек, айтқанына құлақ түріп, жауап беру керек. Осы тұста Беларусь президентінің конституциялық реформа жүргізу, жаңа Конституция қабылдау, сол жаңа Конституция негізінде жаңа президент пен парламент сайлауын өткізуге дайын екенін айта кету керек. Алайда, қолданыстағы Конституция шеңберінен шығуға болмайды", – деді Путин сұхбат барысында.
Ресей Беларусь еліндегі жағдайға бей-жай қарамайды, бірақ бұл ең алдымен Беларусь халқының ісі, деді ол.
"Тағы да қайталаймын, Беларусьте болып жатқан жағдай бейбіт жолмен шешілетіне сүйеніп отырмыз. Ал егер қандай да бір тараптан заңға қайшы әрекеттер болса, оның ішінде мемлекеттік яки құқық қорғау органдары немесе наразылық акцияларына қатысушылар тарапы қолданыстағы заң шеңберінен шықса, заңға сәйкес жауап береді", – деп атап өтті Ресей басшысы.
Жағдай қазір дұрысталып келеді, деп толықтырды ол.
"Адамдар наразылық көрсетіп көшеге шығып жатыр, демек қандай да бір мәселе бар. Бұл Конституция аясында, заң аясында және бейбіт жолмен шешілетіні айқын нәрсе", – деп қорытындылады Ресей басшысы.
Бұған дейін Путин қажет болған жағдайда Беларусь еліне көмек көрсету үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен резерв құрғанын айтты.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Беларусь бірлесіп ветеринарлық препараттар өндіреді
Айта кетейік, Беларусь елінде 9 тамызда президент сайлауынан кейін оппозицияның наразылық акциялары басталды. Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметі бойынша, Александр Лукашенко алтыншы рет сайлауда жеңіске жетті. Ол 80,1% дауыс жинады. Оппозиция өкілдері сайлауда Светлана Тихановская жеңді деп санайды.