НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин митингіге шығуға үндейтін адамдарға ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Соңғы кезде әлеуметтік желелірде митингтер мен көпшілік шараларға үндейтін ақпараттар таралып жүр. Бас мемлекеттік санитардың 14 тамыздағы №47 қаулысы бойынша көп адам шоғырланатын шараларға әлі тыйым салынған", - деді Бекшин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, митинг сияқты көпшілік шараларда ауруды жаппай жұқтыру қаупі жоғары. Ондайда індет тағы өршіп кетуі мүмкін.
"Сондықтан митингті ұйымдастырушылар заң бойынша жауап береді. Осыны ұмытпаңыздар. Халықтың көп жиналуына үндеуді қою қажет. Онымен адамдарға қауіп төндіресіздер. Қатаң карантиндік шаралардың арқасында қаладағы эпидемиологиялық жағдай жақсарды. Алайда осы нормалар сақталмаса, жағдай тағы қиындап кетуі әбден мүмкін", - деп атап көрсетті Бекшин.