Өңірлер

Қазақстанда екі колония жабылады

© AFP 2024 / JAY DIRECTOТюремный охранник, архивное фото
Тюремный охранник, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында екі колонияның жабылуына байланысты ол жердегі жазасын өтеушілер басқа түрмелерге ауыстырылады

АЛМАТЫ, 26 тамыз — Sputnik. Қазақстанның ішкі істер министрінің шешімімен бірден екі колония жабылады.

Қазақстан ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, колониялар қамаудағыларды лайықты жағдайда ұстау мақсатында жабылады.

"2020 жылдың соңына дейін Қостанай облысының Құсмұрын кентіндегі УК-161/4 және Шығыс Қазақстан облысының Шуақ ауылындағы ОВ-156/17 қауіпсіздік деңгейі орташа мекемелерді жабу жоспарланып отыр", - делінген ведомство ақпаратында.

ІІМ ҚАЖ комитеті төрағасының міндетін атқарушы Есқали Саламатов кейінгі он жылда Қазақстанда сотталғандар саны екі есе азайғанын айтты.

"Осыған байланысты жыл сайын тозығы жеткен, сәулет және техникалық жағынан ескірген колонияларды біртіндеп жабу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, өткен жылы төрт мекеме жабылды. Оңтайландыру кезінде облыс орталықтарынан алыс орналасқан мекемелерге де баса назар аударылады, себебі сол мекемедегі сотталғандарды жұмысқа орналастыру және қызметкерлерді іріктеу кезінде қиындықтар туындайды. Үнемделген қаражат басқа пенитенциарлық мекемелерді материалдық-техникалық жағынан нығайтуға жұмсалады", - деп нақтылады министрлік өкілі.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда әйелдер түрмесінен коронавирус табылды 

Таратылатын колониялардың қызметкерлері ведомствоның басқа бөлімшелерінде жұмыс істейтін болады. Ал жабылған мекемедегі сотталғандар коммуналдық-тұрмыстық жағдайлары неғұрлым жақсартылған қауіпсіздік деңгейі ұқсас жақын маңдағы мекемелерге тасымалданады.

Сонымен қатар заңнама талаптарына сәйкес, мекеме әкімшілігі сотталғандардың жазасын өтеу орнына келгені туралы хабарды сотталушының таңдауы бойынша, оның жақын туыстары не заңды өкіліне жазбаша түрде жеткізеді.

Айта кетейік, 2019 жылы елімізде тұтқындарды барыншы қолайлы жерде ұстау мақсатында төрт мекеме жабылды.

Таратылатын колониялар туралы

УК-161/4 күшейтілген режиміндегі түзеу – еңбек колониясы 1959 жылдың шілдесінде Семиозер ауданының (қазіргі Әулиекөл) Құсмұрын ауылының жанында ашылды. Бастапқыда колония Обаған деп аталды, себебі оның жанында осы колонияның қызметкерлері тұратын шағын ауыл салынған.

Қазақстанның шығысындағы колония 1965 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір Шуақ кентінде үш колония бар. ОВ-156/17-де құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері мен бұрынғы шенеуніктер жазасын өтейді.

Жаңалықтар
0