НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов пойыздарда вагон-ресторандардың жұмыс тәртібін түсіндірді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде жолаушылар пойызында вагон-ресторандар (буфеттер) қайта ашылды. Алайда алдын ала тапсырыспен жеткізу қызметі болуы керек. Ал тамақтану залында отыратын адамдардың саны 50 проценттен аспауы шарт. Арақашықтық сақталуы қажет", - дейді Байғабылов.
Оның айтуынша, вагон-ресторанның қызметкерлері бетперде мен қолғап тағып жүруі тиіс. Ал жұмыстың алдында термометриядан өтеді. Аурудың белгілері үнемі тексеріледі. Қоғамдық тамақтану орнында санитарлық-дезинфекциялық режим сақталуы міндетті.
"Тапсырыстың тамақтары жолаушыға қапталған күйінде жеткізілуі тиіс. Ал жолаушылар әлеуметтік арақашықтық пен бетперді режимін сақтай отырып, вагондар арасымен емін-еркін жүре алады. Вагон-ресторанға да кіруге рұқсат бар. Қалған шектеулер сол күйінде қала береді", – деп атап көрсетті Байғабылов.
Айта кетейік, Қазақстанда төтенше жағдай кезінде теміржол қатынасы тоқтатылған болатын. Ал 1 маусымда ішкі бағыттарда пойыздар жүре бастады.
Ал 5 шілде күні қатаң карантиннің енгізіліне байланысты теміржол қатынасы біршама шектелді.