НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. 2021 жылы зейнетақы мен жәрдемақыны индексациялауға 265 миллиард теңге қарастырылған. Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметте "2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы таныстырылды.
"Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымында әлеуметтік саланың үлесі 50,4%-ті құрайды. Осылайша, әлеуметтік салаға 2021 жылы 7 триллион теңге жоспарланған, биылғы жылмен салыстырғанда 454 миллиард теңгеге өсіп отыр. Жыл сайынғы индексация және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентін ұлғайтуға келесі жылға қосымша 265 миллиард теңге көзделді", – деді Жамаубаев үкімет отырысында.
Сондай-ақ, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеру бағытында да шаралар қарастырылған.
Экономиканың нақты секторының дамуын қолдауға 2021 жылға 1,7 триллион теңге көзделді.
Осы қаржы аясында "Нұрлы жол", "Нұрлы жер", агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, индустриялық-инновациялық даму мен "Бизнестің жол картасы – 2025" және тағы басқа бағдарламаларды іске асыру жалғасады.
2021 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 3,8 триллион теңге бөлінеді, бұл жалпы бюджет шығысының шамамен 27%-і.
Премьер-министр кеңсесімен бірлесіп, заң жобасы парламент мәжілісінің қарауына енгізуге дайындалады.
Алдағы үш жылдық бюджет кірісі қалай болжануда
2021 жылға арналған түсімдер 11,4 триллион теңге шамасында болжанып отыр.
Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есептемегенде) 2021 жылы 6,9 триллион теңгені, 2022 жылы 8,6 триллион теңгені, 2023 жылы – 9,2 триллион теңгені құрайды.
Министрліктің болжамынша, негізгі кірістер корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж есебінен артады.
Оқи отырыңыз: 2021 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жалақы қанша болады
Бюджет тапшылығы 2021 жылы ЖІӨ-нің 3,4%-нен 2023 жылы ЖІӨ-нің 2,1%-іне дейін, кезең-кезеңмен төмендейді.
Шығыстар 2021 жылы 14 триллион теңгені құрайды.