НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Қырғызстан өз шекарасын ашса да, қазақстандықтар осы мемлекетке емін-еркін шыға алмайды. Себебі бізде барлық шектеуді әлі толығымен алып тастамады. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде хабарлады.
"Біздің жақтан шекара әлі ашылған жоқ. Қырғызстан өз шекарасын ашса да, бізде мемлекеттік шекарадан өту тәртібі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтында жарияланған", - дейді шекарашылар.
Сайтта көрсетілген ақпаратқа сәйкес, тікелей әуе рейстері қай мемлекетке ашылса, қазақстандықтар сол елдерге кедергісіз бара алады. Басқа елдерге шығуға шектеу қойылған. Бірақ ем-дом алу үшін және басқа да себептермен шекарадан өтуге рұқсат беріледі. Толық тізімді мына жерден көруге болады.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан Республикасы 31 мемлекеттің азаматтары үшін шекараны ашқан болатын. Осы елдердің ішінде Қазақстан да бар. Бірақ екіжақты әуе қатынасы әлі жабық. Ал 27 тамызда Қазақстан мен Түркия арасындағы тұрақты жолаушылар рейстері қайта ашылады.