НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде коронавирус жұқтырып қайтыс болған 11 медицина қызметкерінің жақындары он миллион теңге өтемақыға өтініш берді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Коронавирустан қайтыс болған үш медицина қызметкерінің туыстары он миллион теңгеден алды. Білуімше, қайтыс болған тағы он бір медицина қызметкерінің отбасылары төлемге өтініш берген. Комиссия оларды қарастырып жатыр", – деді Қожахметов онлайн баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, коронавируспен күреске тартылған 776 дәрігер коронавирус инфекциясы немесе вирустық пневмонияға шалдығуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы төлем алған.
Еске салсақ, медициналық қызметкерлерге коронавирус немесе вирустық пневмония жұқтырған жағдайда 2 миллион теңге беріледі. Егер олар бұл дерттен қайтыс болса, отбасына 10 миллион теңге төлемақы төленеді.
Оқи отырыңыз: Абаев қандай дәрігерлер айына 1 миллион теңге алатынын айтты
Қазақстанда, соңғы деректер бойынша, вирус жұқтырғандар саны 104 718 адамға жетті, 1 523 пациент көз жұмды.
1-24 тамыз аралығында 22 774 адам вирустық пневмонияға шалдықты, 258 науқас қайтыс болды.