НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Түркістан облысының Шардара ауданында құтқарушылар көпірден өзенге құлаған алты жасар баланың денесін бірнеше сағаттан кейін тапты.
Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне баланың суға батып кеткені туралы хабарлама 24 тамыз күні сағат 10:25-те түсті.
"Алдын-ала мәлімет бойынша, сағат 09:20-да мал жайып жүрген бала үш метр биіктіктегі қоршаусыз көпірден байқаусызда құлап, суға батып кеткен. Қызылқұм магистральды каналының бойындағы Сол жағалау ауылынан бір шақырым қашықтықта Шардара құтқару бекетінің бес құтқарушысы 2014 жылы туған баланың денесін іздеп, тапты", – делінген хабарламада.
Алты жасар бала көпірден құлағанда 2011 жылы туған досымен бірге болған. Бүлдіршіннің суға батып бара жатқанын көрген жасөспірім оны құтқару үшін суға секірген. Алайда, ағысқа қарсы тұра алмай, суға бата бастаған жасөспірімді куәгерлер құтқарып қалған. Қазіргі кезде ол ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа деп бағалауда.
Айта кетейік, каналдың ені – 50 метр, ал тереңдігі – 2,5 метр.
"Суға батып кеткен баланың денесін іздеуге облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және жергілікті тұрғындардан құралған 34 адам жұмылдырылды", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Мектепке баратын оқушыларға маска мен қолғап кию міндетті ме – министрлік жауабы
Айта кетейік, өңірде шомылу маусымы басталғалы Шымкент қаласының құтқарушылары іздеу-құтқару жұмысына қатысты 34 сапар жасап, судан 28 адамның мәйітін тапты. Оның ішінде сегіз бала болса, бір бала дін-аман құтқарылды.