НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Ресей 2020 жылдың соңына қарай айына бір жарым-екі миллионға жуық коронавирусқа қарсы вакцина шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров мәлімдеді.
Қазіргі қуаттылық тамыз айының соңына дейін шамамен 30 мың вакцина шығаруға мүмкіндік береді.
"Қыркүйектен бастап бұл көрсеткішті еселейміз, ал жыл соңына қарай айына бір жарым-екі миллион доза шығарып, біртіндеп көлемді айына алты миллионға дейін жеткіземіз", - деді Мантуров "Армия-2020" форумында "Звезда" телеарнасына берген сұхбатында.
Билік препаратты шетелдік серіктестеріне жеткізу мүмкіндігін қарастыруда. Сонымен бірге, басты міндет – ішкі сұранысты қамтамасыз ету, деп атап өтті министр.
Вакцинаны шығарумен үш кәсіпорын айналысады - "Биннофарм", "Р-фарм" және "Генериум".
Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы қашан аяқталады – ДДҰ басшысы болжам жасады
Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 індетінің алдын алуға арналған әлемдегі алғашқы вакцинаны тіркеді. Оны Ресейдің тікелей инвестициялар қорының қолдауымен Гамалея атындағы орталықтың мамандары жасады.
Орталық басшысы Кирилл Дмитриев қор 20-дан астам елден миллиард доза вакцина сатып алуға өтініш келіп түскенін хабарлады.