НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Президент сенат спикерімен парламенттің жаңа сессиясының ашылуына дайындық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ақорда сайты.
Мемлекет басшысына жоғарғы палатаның өткен сессиядағы заң шығару қызметінің негізгі қорытындылары туралы ақпарат берілді.
Сенат төрағасының айтуынша, депутаттық корпус саяси реформалардың жиынтығын заң тұрғысынан толық қамтамасыз етті. Халық денсаулығы, педагог мәртебесі, ардагерлер туралы маңызды заңдар және пандемия кезінде азаматтар мен бизнесті қолдауға бағытталған түзетулер жан-жақты пысықталып, қабылданды. Алдағы сессия барысында сенат қызметі Қазақстанды дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту стратегиясын іске асыруға бағытталады.
"Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен сенат депутаттарын сайлаудың қорытындылары, сенаторлардың өңірлерге сапары және ағымдағы қызметі туралы мәлімет берді", – делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы экономикалық өсімді қайта қалпына келтіруге және халықтың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған бастамаларды заң тұрғысынан сапалы және жедел іске асыру қажет екенін айтты.
Президент сенаттың рөлі әрбір заңнаманы жіті пысықтау, сондай-ақ заңдарды қабылдау кезінде мемлекеттің басты ұстанымдарын және жалпы ұлттық мүдделерді қолдау екенін атап өткен.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Түркістан облысына не үшін барғаны белгілі болды
Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықты жою және тұрғындардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға бағытталған жаңа бастамаларды заңмен бекітудің маңыздылығына назар аударды.