НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қорғаныс саласында жемқорлық қылмыстардың артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл қорғаныс министрлігі саласында жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны артқанын атап өткен жөн. Бұл саладағы сыбайлас жемқорлықтың көрінісі ең алдымен елдің қорғаныс қабілетіне әсер етеді", – дейді тәртіп сақшылары.
Ресми мәліметке сәйкес, осы салада пара алу мен бюджет қаражатын ұрлау фактілері көбейген. Мәселен, өткен жылы жеті айдың ішінде 11 қылмыс тіркелсе, биыл ондай істердің саны 31-ге дейін күрт өсті. Бүгінде 22 қылмыстық іс сотқа жіберіліп, жергілікті органдардың 7 лауазымды тұлғасы сотталды.
"Мысалы, өткен аптада ғана Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен әскери өкілдіктер орталығының әуе қорғанысы күштері бағытының бастығы, қорғаныс министрлігінің кадрлар департаменті бастығының бұрынғы орынбасары және радиоэлектроника және байланыс әскери – инженерлік институты курсанттарының взвод командирі жасаған қылмыс әшкереленді", – делінген ресми хабарламада.
Тергеу материалдарына сәйкес, олар жүйелі түрде делдал-офицерлер арқылы әскери қызметшілерді басқа өңірлерден Алматы қаласының әскери бөлімдеріне ауыстыру бойынша "кадрлық бизнес" ұйымдастырды деген күдікке ілінді.
"Бір әскери қызметшіні ауыстырғаны үшін алынған заңсыз ақшалай сыйақы сомасы 800 мыңнан 1,1 миллион теңгеге дейін өзгеріп отырған", – дейді тергеушілер.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның әскери дәрігерлері Ливанға жетті – видео