Қоғам

Беларусьтегі дүрбелең: сарапшылар елдегі жағдай Қазақстанға қалай әсер ететінін айтты

© Sputnik / Виктор ТолочкоМинск көшелеріндегі наразылық
Минск көшелеріндегі наразылық - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Беларусь көшелерінде он күннен бері наразылық басылмай тұр. Лукашенконың жеңісін мойындамай отырған жұрт оның биліктен кетуін талап етуде

НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Посткеңестік елдегі жағдай одан әрі шиеленісіп, халықаралық дау-дамайға ұласып кетуі ғажап емес. Беларусь үшін Қазақстан стратегиялық әрі сауда серіктесі, екі мемлекет те ЕАЭО-ға мүше. Осы орайда Беларусьтегі митингілер Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық жағдайына қалай әсер етеді деген орынды сауал туындайды. Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылардың осыған қатысты пікірін сұрап білді.

Беларусьтен келген "сигнал"

Саясаттанушы Андрей Чеботаревтің пікірінше, Беларусьтегі жағдай, биліктің халықтың қалауына құлақ аспай, оған қайшы әрекеттерге баруы немен аяқталатынын көрсетіп отыр. Сарапшы Қазақстанда да былтырғы президент сайлауы қоғамның бір бөлігінің наразылығын тудырып, елде митингтер болғанын еске салды.

"Десе де, біздегі наразылық деңгейі Беларуське қарағанда соншалықты күшті емес. Алайда Қазақстанды алда парламент және мәслихат сайлауы күтіп тұр. Тиісінше, наразылық деңгейі де өсуі мүмкін. Неге? Өйткені Қазақстан коронавирус пандемиясына байланысты ауыр кезеңді бастан кешіруде. Халықтың тұрмысы нашарлап, пандемия жағдайында биліктің қабылдап жатқан шараларына көңілі толмайтыны байқалады. Парламенттік сайлау жария етілгенде, елдегі оппозиция, тәуелсіз бақылаушылар осыны пайдаланып, сайлауды заңды әрі әділ өткізуге үндеуі мүмкін. Бірақ, біз білетін биліктің бұл бағытта маңызды қадам жасауы екіталай. Сол себепті, парламенттік және жергілікті сайлаудан соң, наразылық акциялары күшейе бастайды деген қауіп-қатер жоқ емес, әрине", - дейді Чеботарев.

Ал Беларусь, оның айтуынша, сайлау кезінде заңбұзушылықтарға жол бермеуді, дауыс беруді бұрмалауды көрсетті. Ең дұрысы, оппозициямен, тәуелсіз бақылаушылармен келіссөз үстеліне отыру.

"Біздің билік бұған бара ма, жоқ па, оны көре жатармыз. Бірақ бұл Беларусьтен келген "сигнал". Елде тұрақсыздық пен дүрбелеңді қаламасаңдар, онда өз елдеріңде сайлауды барынша әділ, ашық өткізіңдер деп отыр", - дейді сарапшы.

Сонымен қатар, Чеботарев Беларусьте он күннен бері жалғасып жатқан митингтер қазақстандық оппозицияға қалай әсер ететініне де пікір білдірді. Айтуынша, біздегі оппозиция бытыраңқы.

"Бізде жалғыз ғана оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бар. Бірақ, оны белсенділер мен өз партиясын құрғысы келетіндер қолдамайды. Олар әртүрлі себептерге байланысты ЖСДП партиясын қолдауға дайын емес адамдар. ЖСДП күн тәртібінен шығып қалды. Бұл жерде біздегі оппозицияның "бытыраңқылық" факторы бар", - дейді сарапшы.

Ал тек саяси партиялар қатысатын парламенттік сайлау туралы сөз болып отырғанда, қандай да бір коалиция құру қиынға соғады. Әрине, егер оппозиция ЖСДП айналасына біріксе, онда әңгіме басқа. Бірақ, бұған ешқандай негіз жоқ, деп түйіндеді сөзін саясаттанушы.

"Лукашенко тарихтан ойсырай жеңілді"

Ал саясаттанушы Ерлан Сайыров Беларусьтегі жағдай шешімін тапты деп санайды. Ол белорус халқын 26 жыл басқарған Александр Лукашенко тақтан жақын арада кетері сөзсіз, деп отыр.

"Ол тарихтан ойсырай жеңілді. Біз Белоруссия жөнінде жазғанда ол мәдениетті, биязы, дегенмен, тегеурінді халықтың батырлығы жөнінде ғана емес, бұл елдегі жағдай Қазақстанға қандай сабақ болуы керек, осы жөнінде тарқатқанымыз жөн", - деп жазды Сайыров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Тағы оқыңыз: Беларусьте болып жатқан жағдайға байланысты Қазақстан позициясы қандай

Сарапшының пікірінше, Беларусьтегі жағдай қайталанбас үшін Қазақстанға, ең алдымен, ұлттық диалог қажет. Билік барлық саяси күшпен әңгімеге отыруы керек. Саяси диалог қана бірегейлікке, тұтастыққа алып келеді.

Екінші, елге саяси реформалар қажет. Яғни, билік тармақтары, орындаушы, заң шығарушы, сот билігі өз қызметін тәуелсіз атқаруы тиіс.

"Сайлау әділ, таза өтуі тиіс. Бұл басты аксиома. Қажет болғанда, жаңа партияларға жол ашылуы керек. Түрмеде қоғамдық-саяси аспектімен отырған барлық азамат босатылғаны абзал. Аймақтардағы мәслихат депутаттарының орнына азаматтық позициясы айқын, әкімдердің аранына жауап беруге қабілетті, жаңа тұрпаттағы азаматтар келуі тиіс", - деп санайды ол.

Саясаттанушы барлық саяси күшпен ел болашағы жөнінде бүкпесіз, ашық диалог жүргізу өте маңызды деп есептейді. Онсыз жағдай күрделеніп кетуі түсінікті жәйт.

"Біз бір-екі күннің ішінде қоғамдық дамудың жаңа фазасына өтіп кеттік. Саяси процесс сол жаңа тұрпаттағы қоғам фазасына сәйкестенуі тиіс", - деп атап өтті сарапшы.

Беларусьтегі митингтің Қазақстан экономикасына әсері

Посткеңестік елде шиеленістің өршуі сауда серіктестерінің экономикасына әсер етпей қоймасы анық.

GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, соңғы жылдары Беларусь пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы біраз артты. Осыдан үш-төрт жыл бұрын 500 миллион долларға жетпесе, қазір 1 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр.

"Бірден айту керек, біздің Беларуське экспортымыздан импортымыз әлдеқайда көп. Қазақстан Беларусьтен, көбіне, ауыл шаруашылығы, сүт, сыр өнімдері, тіпті, арнайы машиналарға дейін импорттайды. Ал Беларусь бізден мұнай, көмір, мақта өнімдерін және күріш алады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Қазақстанмен тауар айналымындағы үлесіне зер салсақ, басым бөлігі, әрине, Ресейге тиесілі – 92%. Екінші орында 4 пайызбен Қырғызстан тұр. Ал Беларусьпен сауда қарым-қатынасымыз небәрі – 3,6 процент. Осы тұрғыдан келгенде, 3,6% өте үлкен емес. Сондықтан Қазақстан экономикасына тікелей қатты әсері бола қоймайды деп есептеймін", - деді Халық.

Тағы оқыңыз: Сұлтанов сыртқы сауданың қаншалықты төмендегенін айтты

Десе де, оның пікірінше, Беларусьтегі саяси шиеленіс ушықса, үшінші елдермен, Еуропалық одақ мемлекеттерімен алыс-беріс қиындауы мүмкін. Тауарды тасымалдау мен жеткізуде кедергілер туындауы ғажап емес. Ал бұл Қазақстан экономикасына оң әсер етпесі анық.

"Тағы бір мәселе. Егер Ресей Беларусьтің ішкі жағдайына араласып кетсе, Еуропа, Америка тарапынан Ресейге тағы да жаңа санкциялар салынуы мүмкін. Ол рубльдің құнсыздануына әкеп соғады, тиісінше, Қазақстанның ұлттық валютасының құлдырауына ықпал етуі мүмкін", - деп санайды экономист.

Қазақстан үміт үзбейді

Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі Беларусьтегі дүрбелең екі елдің тауар айналымына теріс ықпалын тигізбейді деген үмітте. Бұл туралы 20 тамызда ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов айтты.

Министрдің пікірінше, Беларусьтегі жағдайға қарамастан екіжақты міндеттемелер толығымен орындалады.

"Факторлар өте көп болады, бірақ келісімшарттардың орындалмауына себеп жоқ деген үміттеміз", - деді Сұлтанов.

Ол ЕАЭО аясында тауар айналымы 10%-ке төмендегенін атап өтті.

Беларусьте не болып жатыр

Беларусьтегі дүрбелең 9 тамызда, президент сайлауынан кейін басталды. Саяси додада ел президенті Александр Лукашенко алтыншы рет жеңіске жеткен болатын. Орталық сайлау комитетінің мәліметінше, азаматтардың  80,1%-і оған дауыс берген, екінші орында ‒ 10,12 процентпен Светлана Тихановская. Алайда белорус оппозициясы сайлау қорытындысымен келіспей отыр: күн сайын мыңдаған адам көшеге шығып, Лукашенконың биліктен кетуін талап етуде. Күш құрылымдары 13 тамызға дейін наразылық білдіргендерге қарсы күш қолданып келді. 7 мыңға жуық адам ұсталып, жүздеген адам зардап шекті.

Осы аптада түрлі кәсіпорындарда ереуілдер басталды. Беларусьтің еңбек министрлігі жұмысшылардың бас көтеруін заңсыз деп атады.

Жуырда Еуроодақ та Беларусьтегі президент сайлауының нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді.

Ресми Брюссель Беларусьте наразылыққа шыққандарға күш қолданып, сайлау нәтижесін бұрмалаған лауазымды тұлғаларға жеке-жеке санкция салмақ.

Жаңалықтар
0