Саясат

Әшімбаев пен Тайжан Ұлттық кеңестен шығарылды

© Sputnik / Абзал КалиевКадровые перестановки, иллюстративное фото
Кадровые перестановки, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ұлттық кеңестің құрамына түрлі саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, жетекші қазақстандық сарапшылар кіреді

АЛМАТЫ, 21 тамыз – Sputnik. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында кезекті ауыс-түйіс жасалды, деп хабарлады Ақорда.

Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин кеңес құрамындағы жаңа өзгерістердің немен байланысты екенін түсіндірді. Айтуынша, ротация үнемі жүргізіліп отырады, бұл ұлттық кеңестің қызметіне қоғам белсенділерін тартуға мүмкіндік береді.

"Ұлттық кеңеске жаңа белсенділер мен сарапшылар келуі керек. Олар күн тәртібін жаңартып, жаңа мәселелер мен ұсыныс айтады. Ұлттық кеңестің бар ерекшелігі де осы. Сындарлы пікірталастар өтетін жанды және белсенді зияткерлік алаң",- деп түсіндірді ол.

Осылайша, ротация аясында ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына бірқатар азаматтық қоғам өкілдері – "Дос" тәуелсіз өмір орталығы" мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Ерділдинова, Atameken Business телеарнасының бас директоры Қанат Сахариянов, журналист, блогер Өркен Кенжебек, медиа сарапшысы Максим Рожин, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров енгізілді.

Ротация аясында ұлттық кеңес құрамынан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин, белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев, қоғам қайраткерлері Мұхтар Тайжан, Сейдахмет Құттықадам және Жәнібек Қожық шығарылды.

"Әріптестеріме бірлескен белсенді жұмысы үшін алғысымды білдіргім келеді. Бір жылдан аз уақыт ішінде ұлттық кеңес аясында елдің экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуы саласында маңызды реформалар жүзеге асырылды. Маңызды заң мен нормативтік-құқықтық актілердің ауқымды пакеті қабылданды", - деді Қарин.

Сонымен қатар Қарин мамырда ұлттық кеңестің үшінші отырысы өткенін, жиын қорытындысы бойынша президенттің жаңа бастамаларын іске асыру жөнінде жоспар қабылданғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірқатар мүшесінің ұсынысы бойынша кеңес құрылымында мәдени-рухани даму мәселелерін қарау бойынша тағы бір топ құрылады.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі 2019 жылы 12 маусымда құрылып, оның алғашқы отырысы 2019 жылы 6 қыркүйекте өтті. Ұлттық кеңестің құрамына түрлі саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, жетекші қазақстандық сарапшылар кіреді.

Жаңалықтар
0