Қоғам

Тоқаев былтыр жарылыс болған Арыс қаласына барды

© Photo : сайт АкордыПрезидент Касым-Жомарт Токаев посетил военный полигон в Арыси
Президент Касым-Жомарт Токаев посетил военный полигон в Арыси - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мұндай жарылыстың болуына ешқашан жол бермеуіміз керек. Бұл мәселе өте маңызды және менің тікелей бақылауымда болады, деді президент

НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Арыстағы әскери полигонға барып, қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жарылыс болған Арыс қаласындағы №44859 әскери бөліміне барып, оның бүгінгі жағдайымен танысты. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жарылыстан кейін қоймадағы оқ-дәрілерді кәдеге жарату және оларды тасымалдау жұмыстары жайында баяндады. Сонымен қатар әскери бөлімнің техникалық аймағындағы оқ-дәрілердің қалдығын тазалау, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, бұзылған ғимараттарды қайта қалпына келтіру туралы айтты. Бұдан бөлек президентке әскери құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар таныстырылды.

Мемлекет басшысы бұл полигонның, аталған әскери бөлімнің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

"Қорғаныс министрі жаңа маған оқ-дәрілердің қауіпсіз қоймаларда сақталып жатқанын және адамдарға қауіп тудырмайтынын баяндады. Дегенмен біз ендігі жерде мұндай жарылыстың болуына ешқашан жол бермеуіміз керек. Бұл мәселе өте маңызды және менің тікелей бақылауымда болады", – деді президент.

© Photo : сайт АкордыҚасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласындағы №44859 әскери бөлімінде болды
Тоқаев былтыр жарылыс болған Арыс қаласына барды - Sputnik Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласындағы №44859 әскери бөлімінде болды

Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың елді мекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақтылы жою қажеттігін де ескертті.

"Әскери-көлік авиациясын, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштері мен құралдарын, инженерлік әскерлерді, әскери медицинаны дамыту қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болуы тиіс", – деді Тоқаев.

Былтырғы жарылыстан кейін әскери қызметшілер 450 мыңнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш зат залалсыздандырған. Қоймадағы оқ-дәрілерді көшіруге дайындықтың негізгі жұмыстары аяқталды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесті.

"Шын мәнінде, орасан зор жұмыс атқарылды. Нәтижесі жаман емес. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге еліміздің барлық аймағы атсалысты. Бұзылған ғимараттар жөнделді, жаңа үйлер салынды. Соның ішінде теміржол вокзалы да бар. Ғасырлық тарихы бар бұл ғимараттың қала тұрғындары үшін маңызды екені түсінікті", – деді мемлекет басшысы.

Президент былтырғы жарылыс кезінде барша қазақстандық Арыстағы ағайынның жағдайына алаңдағанын, еріктілердің көмекке келгенін, ұйымшылдықтың арқасында осындай ауқымды жұмыс атқарылғанын, бұл халқымыздың татулығының көрінісі екенін айтты.

"Баршаңыз көріп отырсыздар, қазіргі пандемия ахуалы ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Көптеген елдер зардап шекті. Сондықтан біз де қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Қазір жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатыр. Бұл – ең алдымен, дәрігерлердің еңбегі. Шұғыл шаралардың нәтижесі. Дегенмен әлі де сақтық шараларын ұстануымыз керек. Босаңсуға болмайды. Біз Арысты қалай бірігіп қалпына келтірсек, бұл дертті де солай бірлесіп жеңеміз", – деді Тоқаев.

Тұрғындар жарылыс болған күні түнделетіп ұшып келіп, халықпен кездесіп, жағдайда үнемі бақылауда ұстаған президентке алғыс айтты.

Жаңалықтар
0