НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов алкоголь және темекі өнімдерін сатуды реттейтін бұйрыққа не үшін қол қойғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұйрыққа сәйкес, шілде айында қабылданған "Денсаулық туралы кодекстің" талабына біршама өзгеріс енгізілді. Заңға сәйкес, сатушы алкоголь және темекі өнімдерін сатып алатын адамнан жеке басты куәландыратын құжатты талап етуге құқылы. Себебі ондай өнімдер тек 21 жастан асқан адамдарға ғана сатылады.
Ал министр Бақыт Сұлтанов кешегі бұйрығымен ол талапты сәл жеңілдетті. Енді, алкоголь және темекі өнімдерін сатушы сатып алушының 21 жасқа толғанына күмән келтірсе ғана оның жеке басын куәландыратын құжатты талап етеді.
"Негізі, бұл – сатылы жұмыс. Кодеске алкоголь мен темекіні тұтынуды қысқарту бойынша өзгерістер енгізілген болатын. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандара ондай өнім сатылмауы қажет. Сол себепті тиісті норма енгізілді. Ал заңға енгізілген кез келген өзгерістер жалпы сипатта болады. Артынан үкімет қаулысы мен мининстрдің бұйрығы сияқты құқықтық-нормативтік актілермен түсініктеме беріледі немесе нақтылау енгізіледі", - деді Сұлтанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, кодекс қабылданғаннан кейін министрлік арнайы бұйрықты әзірлеп, жаңа норманы қолдану мәселесін түсіндірді. Осы орайда журналистер сатушыларға айыппұл салу жайын да сұрады. Жаңа бұйрық бойынша "сатушы сатып алушының 21 жасқа толғанына күмән келтірсе ғана оның жеке куәлігін талап етеді". Ал кодекс бойынша нақты міндет жазылған. Демек, оған заң бойынша айыппұл салынуы мүмкін.
"Жоқ, айыппұл салмайды. Біз бұйрықта анық жаздық қой. Сатып алушының жасына қатысты күдік туындаса ғана жеке куәлікті талап етеді. Кодекс талаптарына сай келмесе, алкоголь мен темекіні сатуға болмайды", - деп атап көрсетті Сұлтанов.
Айта кетейік, Қазақстанның Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 110-бабына сәйкес алкоголь және темекі өнімдерін сататын адамдар:
- жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуді талап етуге;
- егер жеке басын куәландыратын құжат ұсынылмаған жағдайда, темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электронды тұтыну жүйелері мен оларға арналған сұйықтықтарды сатудан бас тартуға құқылы.