Қоғам

"Бірігетін кез келді": Тоқаев жемқорларға қарсы күрес тәсілін өзгертетінін мәлімдеді

© SputnikДеньги, взятка, коррупция
Деньги, взятка, коррупция - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекет басшысы қоғамдық бақылаудың жаңа формаларын енгізу керек деп санайды. Басқару шешімдері де барынша ашық болуы қажет

НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәсілін қалай өзгерту керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президенттің айтуынша, бүгінде жемқорлардың ұсталғаны туралы жаңалықтар жиі шығып тұрады. Ондай операциялардың видеолары да жарияланады.

"Ал мұндай істер сотта дәлелденбей жатса, қоғамның мемлекетке және оның сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларына деген сенімсіздігі күшейеді. Біз осы індеттің себептері мен шарттарын жоюымыз қажет", - деді Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте.

Мемлекет басшысының пікірінше, қандай да бір шенеунікті немесе басшыны жауапқа тартқан кезде сол мемлекеттік органның  жұмысында ондай әрекеттер қайталанбайтындай оң өзгерістердің болғанын халық көруі керек.

"Мен осындай кешенді жұмысты әзірше көріп отырған жоқпын. Бүгінде шенеуніктер бірінен соң бірі ауысып жатса да, жүйелі проблемалар шешілмейді. Ақша миллиардтап ұрланғаннан кейін халыққа жемқорлардың ұсталғаны туралы әдемі рапорттардың қажеті қанша? Меніңше, осы саладағы жұмысты түбегейлі өзгерту керек", - деп атап өтті Тоқаев.

Ол мемлекет мен азаматтардың бірлесіп жұмыс істейтін кезі келгенін мәлімдеді. Жемқорлық – бұл таза әлеуметтік індет. Оны бірлескен жұмыстың арқасында ғана жеңуге болады.

Оқи отырыңыз: Президент енжар шенеуніктер туралы өзіне хабарлап отыруды тапсырды 

Мемлекет басшысы қоғамдық бақылаудың жаңа формаларын енгізу керек деп санайды. Басқару шешімдері де барынша ашық болуы қажет. Ал қоғам ішінде сыбайлас жемқорлыққа деген "мүлдем төзбеушілік" психологиясын қалыптастыру үшін идеологиялық жұмысты күшейткен жөн. Осы орайда президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бағытына тың серпін беру керектігін жеткізді.   

Пандемия кезінде қаржы жымқыру көбейеді

Тоқаев пандемия кезінде жемқорлықпен күресті күшейтудің маңыздылығына да тоқталды. Себебі пандемияның салдарын жоюға қыруар қаражат жұмсалып жатқанда сол қаржыны мақсатсыз пайдалану және жымқыру қаупі арта түседі. Оны халықаралық сарапшылар да айтып отыр.

"Қазіргі жағдайда еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шараларға қаражаттың шығындалуына қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай мәселелерге  болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру – өте маңызды", - дейді Тоқаев.

Президент дәрі-дәрмек тапшылығы туындағаннан кейін ғана медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықтың анықталғанын да еске алды. Сол сияқты цифрландыру бойынша біраз олқылық шықты. Ал осы уақытқа дейін бұл салаға ондаған миллиард теңге құйылды.  

"Қазіргі кезде біз білім, жұмыспен қамту мен әлеуметтік нысандарға көп қаржы салып жатырмыз. Енді, бір жылдан кейін осы салаларда жемқорлықтың анықталмайтынына сенімді болуымыз қажет ", - деп түйіндеді Тоқаев.

Жаңалықтар
0