НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке енжар басшылар туралы есеп беріп отыруды тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.
"Мемлекеттік қызметкерлер бастама көтермейді, жауапкершіліктен қашады, халықты әуре-сарсаңға салады. Қазір біз осындай тенденцияны байқап отырмыз. Әсіресе, мұндай жағдай пандемия кезінде ерекше байқалды. Жемқорлықпен күрес науқаншылдыққа айналмауы тиіс, заңға бағынатын және жауапты мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс сапасына кері әсерін тигізбеуі керек", – деді Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар туралы өткен кеңесте.
Президент бас прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жартыжылдық есептерінде жемқорлыққа қарсы бастамалары жоқ енжар басшылар туралы хабарлап отыруды тапсырды. Бұл жергілікті атқарушы органдарға да қатысты болмақ.
Тоқаев әр басшы өз қызметкерлерінің заң бұзушылығын жасырмауы керектігін атап өтті.
"Сондықтан, оны тек жазаға тартудан бөлек, ынталандыру да маңызды. Бұл алдын ала жүйелі шаралар қабылдауға айтарлықтай септігін тигізеді. Әрбір әкім мен министр жұмсалған қаражатқа ғана емес, оны дұрыс жоспарлауға да жауапкершілікпен қарауы тиіс. Нақ осы тұста сыбайлас жемқорлыққа бару қатері көп болуы мүмкін", – деді ол.
Оқи отырыңыз: "42 500 теңгеге өмір сүре аласыз ба?": шенеунік сауалға сауалмен жауап берді
Айтуынша, әр басшыға жеке жауапкершілік жүктеледі. Президент бас прокуратураға осындай бағалау жүйесін әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың қызметіне жөнсіз араласуды доғарған жөн, деп жалғастырды Тоқаев.
Ол сыбайлас жемқорлық пен басқару ісіндегі олқылықтардың ара жігін нақты ажырата білу қажет екенін айтты.