НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Түркістан облысының Теспе ауылындағы мектепті бітірген Абзал Әбдіманап ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні 138 ұпай жинаған болатын. Биыл осы көрсеткіштен ешкім аса алмады. Sputnik Қазақстан тілшісі ҰБТ-дан ең көп ұпай алған ауыл баласына хабарласып, оның қай университетке түскенін және қай мамандықты таңдағанын білді.
"Таңдауымды өзгерттім"
Әбзал өз құжаттарын Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне тапсырды. Бірақ "стоматолог боламын" деген таңдауын өзгертті.
"Мен "жалпы медицина" мамандығына құжат тапсырдым. Ол жерде бес жыл оқисың да, одан кейін нақты бір медициналық саланы таңдайсың. Болашақта хирург боламын деген мақсатым бар. Иә, басында стоматологияға тапсырамын деп ойлағанмын. Бірақ ойлана келе, осындай шешімге келдім. Ота жасап, адамдарды емдеймін", - дейді Әбдіманап.
Үздік талапкер медицина білімінің барлық сатысына дайынмын дейді. Ал оқуды бітіргеннен кейін кез келген ауруханаға барып, халық үшін еңбек етуге әзір.
"Енді, университетте тек оқуды ғана ойлау қажет. Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп, кәсіби маман атануым қажет", - деп атап өтті Әбдіманап.
Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді
Абзалмен телефон арқылы сөйлесіп жатқанда сиырдың мөңіреген дауысы естілді. Сол кезде оның ауылда жүргенін түсіндік.
"Иә, мен ауылдамын. Әке-шешеме көмектесіп жүрмін. Әкем малға қарайды, анам үйде. Ата-әжем бар. Бәріміз бірге тұрамыз", - дейді Әбдіманап.
Көпбалалы отбасыда төрт бала бар. Үлкені – Абзал. Одан кейін екі қарындасы және бір інісі бар.
"Олар да қуанып жатыр. Үлкен қарындасым 8-сыныпта оқиды. Одан кейінгі қарындасым 5-сыныпта, ал інім әлі кішкентай, 2-сыныпта білім алады. Оларға ылғи оқыңдар деп, ақыл-кеңес беріп отырамын", - деді үйдің тұңғышы.
Оқи отырыңыз: Ауыл мектебінің оқушысы ҰБТ-да 138 балл жинады
Абзал өркөкірек, я болмаса, мақтаншақ емес. Сабырлы әрі байсалды қалпынан танбайды. Министрлік және әкімдік тарапынан үздік талапкер ретінде марапат немесе сыйлық алмағанына да ренжімейді. Бірдеңе аламын деп дәмеленбейді де.
"ҰБТ нәтижесі шыққанда құттықтағандар көп болды. Темірлан ауылына барғанда әкім құттықтады. Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының директоры құттықтады. Ауыл мектебінің директоры келді. Үй ішімізбен тойладық. Ал грантқа түскенде ештеңе ұйымдастырмадық. Өйткені грантқа түсетініме бәрі сенімді болды ғой (күлді)", - дейді Абзал.
Интернет жылдамдығы баяу
Қазіргі кезде Абзал университеттегі жаңа оқу жылына дайындалып жүр. Бастапқыда қашықтан оқыту форматы болады. Бірақ үйде интернет байланысы нашар. Себебі Ынтымақ ауылына жылдамдығы жоғары интернет әлі тартылмаған тәрізді.
"Ауылда интернет бар, бірақ онлайн оқуға жарамайтын сияқты. Сол себепті Wi-Fi орнататын ойымыз бар. Қасымыздағы Бадам деген ауылда бар. Бізге қосуға болатын шығар", - дейді Абзал.
Оның айтуынша, әзірше 1-курс студенттерін қашықтан қалай оқытатыны белгісіз. Нақты ақпарат жоқ. Дегенмен, үздік талапкердің өзі онлайн сабақтарға дайын.
"Онлайн сабақ мұғалімнің өзі үйреткеніндей болмайды ғой. Бірақ ізденуге жақсы. Өйткені уақыт көп болады. Интернет арқылы біраз материалды ақтарып, тың мәлімет жинауға мүмкіндік бар. Сөйтіп, ізденісте болсаң, онлайн оқудың пайдасы да тиеді", - деп иолықтырды Әбдіманап.
"Байғазым ноутбукке жетпейтін еді"
Ауылда онлайн сабақ оқу үшін Wi-Fi ғана емес, жақсы компьютерлік техника да қажет. Абзалдың ата-анасы ноутбук алып береміз депті.
"150-200 мың теңгенің ноутбугін алатын шығармыз. Карантинді жеңілдетіп жатыр ғой. Шымкентке барып аламын", - дейді Әбдіманап.
Абзал байғазы ретінде алған ақшасын жұмсап жіберіпті.
"Ол ақша кетті ғой. Жоқ болып кетті, әйтеуір (күлді). Киім алдық, достармен кездестім. Сонымен кетті ғой. Қанша түскені есімде жоқ. Шыны керек, есептеген жоқпын. Әлі есімде, бір жағынан алып жатырмын, бір жағынан кетіп жатыр. Есептей алмай қалдық. Бірақ ноутбуктің ақшасы шықпайтын еді", - деп атап өтті үздік талапкер.
Биыл ҰБТ басталмай тұрғанда ұлттық тестілеу орталығы максималды 140 балл жинаған мектеп түлектеріне арнайы сыйлық дайындап қойғанын мәлімдеген болатын. Орталық директоры Дидар Смағұлов ұпайды әділ жинаған әрбір түлекке "керемет, супер-заманауи, 4 жылда ескірмейтін, соңғы модельдегі ноутбук" сыйлыққа берілетінін жазған.
Дегенмен, биылғы ҰБТ-да максималды ұпайды ешкім жинай алмады. Оған карантиндік шектеулер мен төртінші тоқсандағы қашықтан оқыту форматы да әсер еткен болар. Соған қарамастан, қалада емес, ауылда оқыған бала максималды көрсеткішке екі-ақ ұпай жетпей қалды. Соның өзі үлкен жетістік қой. Егер ол тесті әділ тапсырса, бір ноутбукті оған неге бермеске? Бүгін біз осы сауалды ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловқа жолдадық. Поштамызға "Қайырлы күн, жоспарымыз бойынша береміз. Ертең бізде тиісті комиссияның отырысы болады. Соның шешімімен сатып алып сыйлаймыз" деген жауап келді.