АЛМАТЫ, 18 тамыз — Sputnik. "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова басқарма мүшелеріне 267 миллион теңге мөлшерінде сыйақы төленгені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл жайында ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, банк жыл сайын 31 тамыздан кешіктірмей басқарма мүшелері сыйақысының жиынтық мөлшері туралы ақпаратты жариялап отырады. Онда есеп кезеңіндегі барлық төлем, оның ішінде жалақының жиынтық мөлшері және ақшалай марапаттың барлық түрі туралы мәлімет көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: Келімбетов 2 миллион теңгеге жуық жалақыны кімдер алатынын айтты
Жыл қорытындысы бойынша сыйақы көлемі екі заңға тәуелді актілермен реттеледі.
Бірінші – жұмыс қорытындысы бойынша сыйақының жалпы жылдық көлемі алты лауазымдық жалақыдан аспауы керек. Бұл үкіметтің 2014 жылдың 2 желтоқсанындағы №1266 қаулысымен бекітілген.
Екіншісі – Қазақстан Ұлттық банк басқармасының 2012 жылдың 24 ақпанындағы №74 қаулысымен бекітілген, ол жерде екінші деңгейлі банк басшыларының ақшалай сыйақысын есептеу талаптары көрсетілген.
"267,3 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйақының 48%-і – жалақы, 33%-і – жыл қорытындысы бойынша бонустар, яғни сыйақы, 19%-і емдік жәрдемақы, демалыс, іссапар, денсаулығына байланысты демалысқа шығу шығындарынан құралып отыр. Осылайша, кей блогерлер басқарма мүшелеріне 267 миллион теңге мөлшерінде жылдық сыйақы төленді деп жалған ақпарат таратқан", - деп түсіндірді Ибрагимова.