НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет коронавирустың екінші толқынына дайындық шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде денсаулық сақтау министрлігі басшылығы әрбір өңірге барып, күзге дайындық мәселелерін пысықтап жүр.
"Алдыңғы аптада денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Шымкент қаласы мен Түркістан облысына барып келді. Бұйырса, ертең бірінші вице-министр Марат Шоранов тағы екі-үш өңірді аралап шығады", - деді Қожахмет орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрі де бірнеше аймаққа барып келуді жоспарлап отыр.
"Министрдің өзі Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облысына барып қайтады. Негізгі мақсат – күзде болжанып жатқан жаңа толқынға дайындықты пысықтау. Әрбір өңірде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайы, сондай-ақ, провизорлық орталықтар мен инфекциялық ауруханалардың дайындығын тексереді", - деп атап көрсетті Қожахмет.
Оқи отырыңыз: "Бұл екінші толқын емес": дәрігер Қазақстандағы коронавирус эпидемиясы туралы айтты