АЛМАТЫ, 17 тамыз – Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 24 тамызында Nur Otan саяси кеңесі бюросының отырысын шақыру туралы қаулыға қол қойды.
"Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 24 тамызында Nur Otan саяси кеңесі бюросының отырысын шақыру туралы қаулыға қол қойды", - деді партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
2020 жылдың 5 наурызында Нұр-Сұлтанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясы саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Бюро мүшелері 18 наурызда өтетін партияның саяси кеңесі отырысының күн тәртібін талқылады. Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысы коронавирус инфекциясына байланысты кейінге қалдырылды.
Оқи отырыңыз: Назарбаев пен Байбек партияішілік сайлауға дайындықты талқылады
Nur Otan праймеризіне қатысуға үміткерлерді ұсыну және тіркеу 17 тамыздан 28 тамызға дейін жүргізіледі. Алғашқы бірнеше сағат ішінде партияішілік іріктеуге қатысуға 500-ге жуық адам ниет білдірді. Праймеризге қатысуға өтінішті "Праймериз" ақпарат жүйесінің сайты арқылы онлайн беруге болады, сондай-ақ, аумақтық ұйымдастыру комитеттерінде жүргізіледі.
Саяси кеңес бюросы немен айналысады
Саяси кеңес бюросы – партияның басқарушы органы. Ол съездер мен саяси кеңес отырыстары арасындағы кезеңде партияның жұмысын басқарады, өзекті әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мәселелерді талқылайды.
Сондай-ақ, бюро партия тізіміне енгізілген мәжіліс депутаты болуға кандидаттардың арасында депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін айқындайды, партияның саяси кеңесінің отырыстарын шақырады.
Сонымен қатар саяси кеңес бюросы мәжілісте депутаттық фракция құрады.