АЛМАТЫ, 17 тамыз – Sputnik. Алматы орталық мешітінің найб имамы Ермек Көкірекбаев қала мешіттерін толымдылығын 30%-тен асырмай, бір келушіге төрт шаршы метр талабын сақтай отырып кезең-кезеңімен ашу мәселесі талқыланып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау шаралары қаралғанын атап өтті.
"Санитарлық шектеу шараларын алып тастау жөнінде ұсыныс айтылды, алайда тыйым салынған нысандардың ішінде діни нысандар да бар. ҚМДБ осы мәселеге байланысты құзіретті орындарға санитарлық талаптарды сақтай отырып, мешіттерді қайта ашу туралы ұсыныс айтты. ҚМДБ-ның бұл ұсынысы құпталып отыр. Мешіттерді толымдылығын 30%-тен асырмай, бір келушіге төрт шаршы метр талабын сақтай отырып кезең-кезеңімен ашу талқыланып жатыр", - деді найб имам.
Айтуынша, мешіттерді ашу туралы шешім қабылданған жағдайда мешіттерде дезинфекция жасалады, қала тұрғындары мешіт аумағына медициналық бетпердемен ғана кіре алады. Келушілердің арасында бір метр арақашықтық сақталуы қажет.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда карантин жеңілдетілді – қандай шектеу сақталады
Қаладағы барлық мешіт осы талаптарды сақтап, ашылуға сақадай сай дайын отыр.
"Ислам діні адамның өмірі мен денсаулығын әрқашан жоғары қояды. Ал мемлекетіміздің жұқпалы дертке қарсы қабылдаған барлық шарасы адам баласын аман сақтап қалуға бағытталған. Біз оны дұрыс түсінуіміз қажет. Құлшылық үйлері көп адам шоғырланатын орын болғандықтан, ҚМДБ мешіт қызметіне уақытша шектеу қоюға мәжбүр болды. Біздің елімізде ғана емес, басқа мұсылман мемлекеттерінде де осындай шешім қабылданды. Аз ғана төзімділік танытсақ, жамағатпен намаз оқитын күнге де жетеміз", - деді Көкірекбаев.
Айта кетейік, Қазақстанда 17 тамыздан бастап карантин шарасы жеңілдетілді. Соған сәйкес бірқатар қоғамдық орын жұмысына қайта кірісті.