НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. Павлодар облысындағы Май ауданының тұрғындары жергілікті атқамінерлер өңірге іс-сапармен келген экология министрі Мағзұм Мырзағалиевті алдап соқты деп отыр.
Олардың айтуынша, "ҚазСуШар" мемлекеттік кәсіпорнының өкілі министрге аудандағы 15 ауыл ауыз суға қосылған деп есеп берген. Ал шын мәнінде халық суға жарымай отыр. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.
"Былтыр су келеді деді. Одан кейін суды биыл береміз деп уәде етті. Енді келіп бердік деп жазып жатыр. Тәулігіне 24 сағат беріп жатырмыз деп ақапарат таратыпты. Міне, көрсетейін, әлі құбыр тартқан жоқ. Бәрі сол күйі жатыр, қайдағы су", - деп ашынды Шыған ауылының тұрғыны Нұрлан Мәсәлімов.
Министр Мағзұм Мырзағалиев өңірге өткен аптада келіпті. Ол аталған ауданға қарасты Баскөл ауылындағы су тазарту стансасында болды. Сол жерде "ҚазСуШар" кәсіпорнының өкілі Әйгерім Ақжанова 15 ауыл ауыз сумен қамтылғанын айтқан болатын.
Оқи отырыңыз: Елорда іргесіндегі елді мекен тұрғындарының шыдамы таусылып, көшеге шықты
"1 маусымнан бастап 15 ауылдық елді мекен тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етілді", - деді "Нұра топтық су құбыры" шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК бас директорының орынбасары Әйгерім Ақжанова.
Шындығына келсек, Шыған ауылына су жетпек түгілі, құбыр да тартылмаған. Ал 5 ауылда құбыр тартылғанымен, су берілмеген.
"Нұра" топтық су құбыры" мемлекеттік кәсіпорнының "Ертіс" филиалы өздеріне шаң жуытқысы келмейді. Филиал директорының міндетін атқарушы Арман Оспанов су ауылдарға жеткізілгенін, бірақ қазір құбырда ақау болып, тоқтап тұрғанын айтты.
"Біз тек магистралды су құбырына ғана жауап береміз. Құбырды барлық ауылға тарттық. Онда 24 сағат су беріліп тұр. Бірақ құбырымыз 15 ауылға бірдей су жібергенді көтермеді ме, бірнеше жерден жарылды. Осының салдарынан қазір 5 ауылда су жоқ. Ал, суды ауылдың ішіне немесе үйге дейін жеткізу біздің құзырымызға кірмейді", - дейді Оспанов.
Бірақ аудан әкімі кәсіпорынның ақпаратын теріске шығарды. Ол бірнеше ауылға су тұрмақ, құбырда жеткізілмегенін айтты. Мердігер ақшаны қалтаға басып, Шыған ауылына су апармаған. Ақыры іс сотта қаралып, қаражат кері қайтарылыпты.
"Бұл бізге ғана байланысты нәрсе емес. Республикалық РМК суды жеткізіп, тазалап береді. Бір-бір жарым айда бәрін аяқтаймыз деген ойдамын", - дейді Май ауданының әкімі Марат Ақтаев.
Май топтық су құбырын тарту жобасының басынан дау арылмады. Құрылысы 10 жылға жақындаған нысанға алғашында 6 жарым миллиард теңге бөлініп, ол қаражат қолды болған. Осыдан соң жоба тоқтады.
Тек 2018 жылы ғана қайта жанданды. Бұл жолы 4 миллиард теңге жұмсалған. Құрылысы өткен жылы аяқталды. Бірақ қомақты қаржыға келген жобаның жыры әзір бітер емес. Министрді алдаған шенділер енді тағы 1 ай шыдасаңдар, су беріледі деп отыр. Топтық су құбыры аудандағы 20 мың халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қолға алынған болатын.