Сондай-ақ, халықаралық бағдарлама арқылы 3 миллионнан астам вакцинаны бірден жеткізуге келісім бар. Соның басым бөлігі тегін егіледі. Ал қазақстандықтар коронавирусқа қарсы екпені салдыруға дайын ба? Sputnik Қазақстан тілшісі астаналықтардың COVID-ке қарсы вакцинаға қатысты ойын біліп қайтты.
"Чип" дей ме?
Астаналықтардың басым бөлігі коронавирусқа қарсы вакцинаны салғызбаймыз дейді. Біреулер оған сенбейді, енді біреулер коронавируспен ауырып шыққан. Сол себепті әзірше вакцинаны салғызудың пайдасы жоқ деп ойлайды. "Вакцинаның ішінде чип бар" дейтіндер де кездесті. Дегенмен, екпені салуға дайын адамдар бар.
"Егер бәрі тексерілсе, неге салдырмасқа? Салдыру керек. Өйткені көбісі ауырып жатыр ғой. Барлық мемлекет соны қолға алып жатыр. Мысалы, күні кеше ғана Ресейде табылды деп жаңалықтардан көрсетті. Шынымен де, көмегі болса, неге салдырмасқа? Салдырамыз бәріміз. Алла қаласа, емханаға барамыз да, салдырамыз", - дейді қала тұрғындарының бірі.
Бірақ қысқа уақыттың ішінде шығарылған вакцинаға күдікпен қарайтын адамдар да бар.
"Мен өзім коронавирусқа қарсы вакцинаға сенбеймін. Өйткені қысқа уақыттың ішінде сапалы вакцинаны ойлап табу мүмкін емес. Оны алдымен жан-жақты тексеріп алу керек. Қазір фармокологияның өзінде клиникалық зерттеудің үш кезеңі бар. Оған да біраз уақыт кетеді. Ал жарты жылдың ішінде қандай вакцина жасап шығаруға болады? Өзім басым денсаулығыма қауіп төндіргім келмейді, - деді енді бірі.
Әке-шешесі үшін алаңдайтындар да жоқ емес. Сондықтан вакцина шыққан бойда оларға да салдыртамыз дейді.
"Салдыртамын, әке-шешім бар. Олар – кәрі адамдар. Балаларым бар. Бірақ алдымен қараймын, қандай қарсы көрсетілім болады? Асқынуы бар ма? Оған да қарап көреміз", - дейді тағы бірі.
Тегін вакцина кімге салынады?
Жақында Қазақстан COVAX Facility халықаралық бағдарламасына қосылды. Келісім бойынша коронавирусқа қарсы вакцина шыққан бойда оны еліміздегі халықтың 20 процентіне бірден жеткізіп береді. Осылайша, 3,6 миллион вакцина барлық мемлекетпен бірдей уақытта түседі.
Бүгінде вакцина тегін алатындардың нақты саны анықталды. Барлығы - 2 182 000 адам. Ішінде 65 жастан асқандар, жүрек-қан тамыр ауруы, қант диабеті және өкпенің обструктивті ауруы, созылмалы ауруы бар азаматтар бар. Медицина қызметкерлеріне де вакцина тегін салынады.
Қазақстанға келетін 3 миллионнан астам вакцинаның басым бөлігі тегін таратылса, қалғаны сатылады. Бағасы 4,2-8 мың теңгенің айналасында болады.
Айта кетейік, COVAX Facility бағдарламасына бірқатар халықаралық ұйым бастамашы болды. Олар – Иммунизация мен вакциналар жөніндегі жаһандық альянс (GAVI), Эпидемияларға дайындықты қамтамасыз ету саласындағы инновациялар үшін коалиция, (CEPI) және Дүниежүзілік денсаулық ұйымы. Сондай-ақ, вакцина өндірушілер мен халықаралық корпорациялар қолдау білдірді.
GAVI-мен келісім жасайтын мемлекеттер 31 тамызға дейін 15 проценттік алдын ала төлемді аударып беруі тиіс. Ал вакцина түскенде толық сома төленеді. Әзірше, Қазақстан қаржыны аудару туралы келісішартқа қол қойған жоқ.