АЛМАТЫ, 14 тамыз – Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданында дүкен тонаған ерлі-зайыпты ұсталды. Ер адам дүкеншіге бұрын сотты болғанын және ештеңеден тайынбайтынын айтып қорқытқан, деп хабарлады Polisia.kz.
Оқи отырыңыз: Шымкенттік жігіттер ойыншық тапаншамен кеңселерді тонаған
Полицияның мәліметінше, 12 тамыз күні азаматтық некедегі ерлі-зайыпты алдын ала сөз байласу арқылы үйіне жақын маңдағы дүкеннен азық-түлік алып, сатушыларды қорқыту арқылы ақысын төлеместен кетіп қалған. Полиция жариялаған видеода екі ересек азаматтың жанында бала болғаны байқалады.
Дүкеншілер полицияға қоңырау шалған. Оқиға орнына келген тәртіп сашылары қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтады.
"Азаматтық некеде тұрып жатқан екі азамат өзара келісіп, қылмыс жасады. 32 жастағы күдікті аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды", – деді Талғар ауданы полиция басқармасының бастығы Ерлан Қасым.
Тергеу барысында күдікті азаматтың бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-тармағы ("тонау") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.