АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. 1992 жылдан бастап солақайлар күні ресми түрде мерекелік күнтізбеге қосылды. Sputnik Қазақстан тілшісі солақайлардың ерекшелігі мен солақай балалар мектепте қандай қиындықпен бетпе-бет келетінін біліп көрді.
Жаны нәзік болады
Статистика бойынша, әлем халқының 10%-і – солақай адамдар. Психолог Балабек Сақтағанның айтуынша, компьютерден бастап көлікке дейін оңқай адамдарға бейімделіп жасалғандықтан, солақайлардың өмірінде біршама қиындық туындайды. Мұны психолог солақайлардың бірі ретінде және адамдармен жұмыс істейтін маман ретінде айтты.
"Солақай адамдар кез келген ортаға тез бейімделгіш болады. Сондықтан оңқайларға арналып жасалған заттарды тез үйреніп алады. Солақайлар көздеген мақсатына жету үшін еңбектен де қашпайды. Солақай адамдарда мидың оң жақ жартышары мен сол жақ жартышары өте тығыз байланысқан. Алайда солақайларда оң жақ жартышары жақсы жұмыс істейді", - дейді психолог Сақтаған.
Сол себепті солақайлар қарым-қатынастың логикалық жағына көбірек мән береді. Сөйлеу қабілеті де өте жақсы дамыған.
"Олар лидер болуға бейім келеді. Бұған қиындыққа қарамастан, барлық затқа тез үйреніп алатын қабілетінің де әсері бар. Ал мінез жағына келер болсақ, солақайлардың жаны өте нәзік, жағымсыз жайттардан көңіл-күйі тез бұзылады. Олар жан-жағындағы адамдардың қайғысын, қиындығын өз басынан өзіне қабылдап алады. Өйткені, солақайларда қиял қатты дамыған. Дүниені, қоршаған ортаны тұтастай көреді", - дейді психолог.
Айтуынша, солақайлардың арасында шығармашылық адамдар көп кездеседі. Психолог сөзін нақтылау үшін Юлий Цезарьдың, Уинстон Черчилль, Наполеон мен ағылшын патшайымы Елизаветаның, Бетховен және Мэрилин Монроның солақай болғанын айтып өтті.
Ең жиі қойылатын сұрақ
Ал 23 жастағы алматылық бойжеткен Жібек Құсайын солақайлардың мектеп қабырғасында жиі бетпе-бет келетін қиындықтары жайлы айтып берді.
"Мектепте диктант, бақылау жұмысын тез жазу керек болған кезде, солақай болғандықтан үлгермей қалатынмын. Себебі, солақайлар қаламды басқаша ұстайды. Соған байланысты мектепте бірнеше мұғалім ескерту жасады, тіпті арасында ұрысқандар да болды. Осы жағынан мектепте қатты қиналдым", - дейді Жібек.
Айтуынша, мектепте солақай екенін сыныптастары тақтаға шыққан кезде байқаған. Себебі, солақайлар өз жазғанын денесімен жауып қалады. Сондай-ақ, үзілісте "мына әріпті қалай жазасың?" деп қызығушылық танытады.
"Оң қолмен жаза аласың ба?" деген ең көп қойылатын сұрақтың бірі. Тіпті арасында саған оң қолмен жазуды үйреткісі келгендер де болады. Соған қарамастан, мектепте солақай балаларға арналған жарыстар ұйымдастырылатын. Соның бірі – "солақайлар спартакиадасы". Жыл сайын осы жарысқа қатысып, бір марқайып қалатынмын", - деп толықтырды ол.
Айтуынша, солақай екені дастархан басында ас ішкен кезде қатты байқалады. Кейде мұсылман елдерінде сол қолды лас қол деп санайтынын айтып, оң қолмен ас ішуге үйрен деп кеңес берген туыстары да болыпты.
"Сол ескертудің өзі жүрегіме қатты тиетін. Себебі мен мұны кемшілік ретінде қараған емеспін, мен осылай жаратылдым. Адамдардың көп бөлігі оң қолымен жұмыс істейді, солардың арасында өзімді ерекше сезінемін. Жалпы, солақай болудың өзі – ерекшелік", - дейді Жібек Құсайын.
Солақай болу – ерекшелік немесе кемшілік емес
Ал балалар психологы Аида Тұрғазы солақай болу адам миының бір бөлігі доминант болуымен ғана ерекшеленетінін айтты.
"Адам көп істі оң қолымен жасайтын болса, мидың сол жақ бөлігі белсенді жұмыс істейді деген сөз. Егер сол қолды белсенді қолданатын болса, мидың оң жақ жартышары жақсы жұмыс істейді. Бар ерекшелік осы. Жұмыс істейтін қолға байланысты, мидың бір бөлшегі басымдық танытады. Мидың сол жақ жартышары аналитика, анализ, логика, сан, математикаға жауап берсе, оң жақ бөлігі креативті ойлау, түйсік, әлемді қабылдауда адамның сыртқы келбетіне қарау, эмоция, музыкаға, шығармашылыққа жауап береді", - дейді Тұрғазы.
Сондықтан сол қолмен жұмыс істейтін балалар ерекше ойлайды. Солақай бала шығармашылыққа бейім болады. Армандауы, қабылдауы, музыкадағы ритмді сезуі, түстерге мән беруі жақсы дамиды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен қатар психолог егер бала ата-анасынан басқа адамдардың оң қолмен жазатынын, не себепті өзінің солақай екенін сұраса, не деп жауап беру қажет екенін айтты.
"Балаға адамдардың әртүрлі болатынын, кей адамның бойында ерекшелік бар екенін айтып, талқылау методикасы арқылы әңгімелесу керек. Баланың түсіну, қабылдау деңгейіне қарай жғдайды, адамдарды талқылап, түсіндіру қажет", - дейді ол.
Солақай болуды ерекшелік немесе кемшілік деп емес, қалыпты жағдай деген түсінік қалыптастырған жөн, деп толықтырды Тұрғазы.