НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз — Sputnik. Қазіргі уақытта банк картасымен төлем жасау үйреншікті жағдайға айналды. Алайда интернет арқылы сатып алынатын заттардың ақшасын картамен төлеу әлі де қауіпті. Өйткені интернет алаяқтар түрлі тәсілдерді қолданады, деп хабарлады РИА Новости қауіпсіздік жүйелері орталығының бөлім басшысы Алексей Сизовқа сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта жалған сайттар көп. Тауарға төлем жасап, алаяқтардың торына түсіп қалу қаупі бар. Мұндай сайттардың көбінесе шынайы сайттардан еш ерекшелігі болмайды", - деді ресейлік маман.
Алаяқтарға алданып қалмау үшін бірқатар ережені сақтау керек. Біріншіден, тек онлайн сатып алуға арналған жеке есепшоты бар арнайы карта керек. Оның ішіне сатып алынатын тауар құнынан артық ақша салмаған жөн.
"Екіншіден, тексерілмеген сайттардан қомақты сомаға тауар сатып алмау керек. Үшіншіден, өзіңіздің жеке ақпаратыңызды ешкімге айтпаңыз. Банк немесе дүкен қызметкері хабарласса да, жеке ақпаратты бөлісуге болмайды", - деді Сизов.