НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. Оралда абайсызда катер басын шауып кеткен Екатерина Ананьеваның туыстары осы іске қатысы бар деген күдікпен ұсталған депутаттың ұлын кешірді, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Сол күні моторлы қайықты жергілікті депутат Валерий Крыловтың кәмелетке толмаған ұлы жүргізген. Бірақ қайғылы оқиғадан кейін қашып кеткен. Оны екі айдан кейін ғана ұстап, тергеу абақтысына қамады. Басында әкесі ұлының қылмысқа қатысы жоқ екенін айтқан. Артынан марқұмның үйіне барып, туыстарынан кешірім сұрады.
"Ол келді де, бір минуттай үнсіз отырды, сөз таба алмады-ау деймін. Қолы дірілдеп тұрды. Болған жағдайға қатты өкінетінін жеткізді, қайғырып көңіл айтты. Біз оларды кешірдік. Олар кез келген уақытта көмек беруге дайын екенін айтты", - деді Екатерина Ананьеваның туысы.
Шағандағы қайғылы оқиға
6 маусымда Батыс Қазақстан облысында Шаған өзенінде суға түсіп жүрген 41 жастағы әйелді моторлы қайық қағып кеткен. Қайғылы оқиға сағат 22.15-те болған. "Шойын" көпірінің маңында катер винтпен Екатерина Ананьеваның басын және бір қолын шауып түскен.
Оқи отырыңыз: Оралда адам өліміне байланысты депутаттың ұлы ұсталды
Қаза болған Екатеринаның 19 жастағы ұлы Роман оқиғаның қалай өрбігенін айтып берген. Сол күні Екатерина мен оның құрбысы саяжайға барған. Сол жақта жұмыс істеп болғаннан кейін екі әйел суға түскісі келген.
"Анамның құрбысы шомылғысы келмеген, тек су беліне жеткен жерге дейін ғана барған. Ал анам жағадан алыстау жерге жүзіп кетеді, сол сәтте шамы қосылмаған катер жүзіп өткен. Құрбысы айғайлап, жағаға шық деп қолын бұлғай бастайды. Кенет катер қайтып келеді де, сол сәтте тарсыл естіледі. Құрбысы жақын маңда демалып жүрген адамдарды көмекке шақыра бастаған. Ақырында анамның бөлшектелген денесін қапқа салып судан алып шықты. Ал катер бірден кетіп қалды", - дейді Роман.
Анасының басы сол күйі табылмады. Оны бассыз жерлеуге тура келді. Ал марқұмның немере апасы катерде жас жігітпен бірге қаладағы танымал кәсіпкердің қызы да болды деп отыр. Оған аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін айып тағылды. Бірақ қыз Лондонға кетіп қалу үшін виза ашпақшы екен.
Депутат ұлының кінәлі екенін мойындамады
Бұған дейін Орал қалалық мәслихатының депутаты Валерий Крылов ұлының қамауға алынғанын растаған болатын. Алайда оның кінәлі екенін жоққа шығарды.
"Негізі, жағада бір емес, бірнеше қайық болған. Барлығына сараптама жасап жатыр. Тергеу кезінде бәрін тексеріп шығады. Қазір олар менің ұлымды кінәлі еткісі келеді. Бірақ дәлел жоқ. Осы істі аяғына дейін жеткізеді деп ойлаймын. Бірақ мен анық білемін, ұлым кінәлі емес", - деді депутат.
Сол кезде Крылов катерде қанның ізі табылғаны туралы ақпаратты да жоққа шығарды.