НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Алматы полиция департаменті тікұшақтардың неліктен қала үстімен ұшып жүргенін түсіндірді.
Құқық қорғаушылар қала жолдарындағы жағдайды бақылау мақсатында әуеден патрульдеуді қайта бастады, деп хабарлады Polisia.kz.
Сонымен қатар, полиция осылайша кептеліс болып жатқан қиылыстарды анықтап, ол учаскелерге жол қозғалысын реттегіштерді жібереді.
Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтің айтуынша, соңғы жылдары қалада көше мен магистральдерде көлік ағындарының жиілігі едәуір артқан, осы себепті полиция жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру шараларын қабылдап жатыр.
Оқи отырыңыз: Жұртты дүрліктірген видеодағы тікұшақтардың не істеп жүргені белгілі болды
12 тамыздан бастап қалалық төтенше жағдайлар департаментінің тікұшақтары Алматыны аралап ұшып жатыр. Әуеден патрульдеуге әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметінің басшылары жұмылдырылды, олар жолдағы жағдайға талдау жасайды.
Онлайн патрульдеу режимінде экипаждарға көлік қозғалысы қиындаған учаскелер туралы өзекті ақпарат ұсынылады.