Қоғам

Митингке шыққан белсендіге қатысты сот үкімі шықты

© AP Photo / Jean-Francois BadiasСудебный молоток, архивное фото
Судебный молоток, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Түлесованың қамауда өткізген әрбір күні бас бостандығын шектеу жазасының екі күні болып есептеледі

НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. Алматыдағы митинг кезінде полицияға қарсы күш қолданған Әсия Түлесоваға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Түлесова не үшін ұсталды?

Биыл 6 маусым күні Алматыда митинг өткен болатын. Оған жергілікті билік тарапынан рұқсат берілмеген. Сол кезде Түлесова полицейдің бас киімін қағып түсірді. Осы сәттің видеосы әлеуметтік желілер арқылы тарап кетті.

Белсенді осы әрекетімен жазықсыз адамдарды ұстап жатқан құқық қорғаушылардың полицей формасын киюге лайықты емес екенін көрсеткісі келген. Алайда, сол үшін Қылмыстық кодекстің 378-бабы (билік өкілін қорлау) және 380-бабы (билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша жауапқа тартылды. 8 маусымда Түлесова уақытша ұстау изолияторына қамалды.

Тергеу не дейді?

Тергеу материалдарына сәйкес, митинг өткен күні Түлесова полицияның қызметіне кедергі жасады. Онымен қоймай, агрессияға беріліп, бір сақшының басынан және иығынан ұрған. Екінші полицейдің фуражкасын қағып түсіріп, үшіншінің иығы пен арқасынан соққан. Сондай-ақ, құқық қорғаушылардың намысына тиетін сөз айтқан.

Жарыссөз кезінде прокурор Түлесованы бір жылға бас бостандығынан айыруда сұрады. Бұдан бөлек, 230 мың теңге айыппұл салу керек деді. Ал қорғаушылар оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот кезінде Түлесова зардап шеккен полицейлерден кешірім сұрады. Олар – Нұрбек Темірханов, Мейіржан Тұрғанбек, Ернат Сабалақов, Тасқын Талдыбаев, Ұлан Абидулла мен Тілек Түлегенов.

Соттың шешімі

Медеу аудандық №2 сотының судьясы Тәкен Шәкіров Әсия Түлесованы кінәлі деген шешімге келді. Бірақ оның бұған дейін қылмыстық жазаға тартылмағаны ескерілді. Судья бір жыл алты айға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды. Сондай-ақ, Әсия Түлесова 20 АЕК көлемінде, яғни 55 мың теңгенің айыппұлын төлеп беруге міндеттелді.

"Түлесова Әсия Қылмыстық кодекстің 378-бабының, 2-тармағы "билік өкілін жария түрде қорлау" және 380-бабының 1-тармағы "билік өкіліне қатысты күш қолдану" бойынша кінәлі деп танылсын. Оған бір жыл және алты айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. Түлесова сот залынан босатылсын", – деді судья.

Сот шешіміне сәйкес, Түлесованың қамауда өткізген әрбір күні жазаны өтеу кезінде ескеріледі. Атап айтқанда, 8-12 тамыз аралығындағы әрбір күн бас бостандығын шектеу жазасының екі күні болып есептеледі. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Қорғаушылар сот үкімімен келіспей, шағым түсіретінін мәлімдеді.

Плакаттың жазасы

2019 жылы 21 сәуірде Алматыдағы ауқымды марафон кезінде Әсия Түлесова мен Бейбарыс Толыбеков "От правды не убежишь" деген жазу мен #adilsailayushin, #уменяестьвыбор хэштегтері жазылған баннер ілген болатын. Сол үшін Түлесова 15 тәулікке темір торға қамалған. Әсия абақтыда отырып, аштық жариялаған.

Оқи отырыңыз: Азаматтық белсенді Арман Шораевқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Жаңалықтар
0