НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру және карантинді кезең-кезеңімен алып тастауға дайындық жөніндегі шаралар кешені қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Тоғжанов Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлердің басшыларына эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауда ұстауды және вирус жұқтыру көрсеткішін одан әрі төмендетуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, ол өңір басшыларына COVID-19-бен күресуде зардап шеккен медицина қызметкерлеріне өтемақының уақытылы төленуін қадағалауды тапсырды.
"Өңірлер мониторингтік топтар жұмысының тиімділігін арттыруы керек. Жағдайды одан әрі жақсарту үшін ведомстволар мен жергілікті билік желісі бойынша қосымша шараларды пысықтау керек. Тұрғындармен дерттің алдын алу шаралары, бірінші кезекте, маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтауға қатысты жұмыс жүргізу керек", - деді вице-премьер.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 17 тамызға дейін күшейтілген карантин енгізілді.