НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жаңаөзен қаласында деструктивті діни ағымда жүрген екі адамды ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 7 тамыз күні атыс қаруын заңсыз жасау және өткізу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталған.
Оқи отырыңыз: ҰҚК Алматы тұрғынын қылмыс үстінде ұстады
"Соның аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында деструктивті діни ағымды ұстанушы 2 тұрғынды ұстады. Тінту кезінде заттай айғақтар, оның ішінде екі автомат, үш тапанша, дыбыссыз атуға арналған құрылғы, сондай-ақ оқ-дәрілер табылып, алынды", - делінген ресми хабарламада.
9 тамызда сот күдіктілерді қамауға алу туралы санкция берді. Қазіргі кезде олардың экстремистік сипаттағы қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.