АЛМАТЫ, 10 тамыз – Sputnik. Оралда криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 30 жастағы "Гарант-24 Ломбард" менеджерін ұстады, деп хабарлады "Мой город".
"Гарант-24 Ломбард" менеджерін Атырау полиция басқармасының қызметкерлері іздестірді. Ол Қазақстан қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Ұсталған азамат Орал қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп атапөтті БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 2020 жылдың 16 маусымында Мәскеуде қаржы пирамидасына қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы қазақстандық С.Фролов ұсталған болатын. Күдікті "Гарант-24", "Выгодный займ" және "Estate Lombard" қаржы пирамидасы арқылы салымшылардың ақшасын жымқырғаны үшін халықаралық іздеуде болды.
Оқи отырыңыз: Шетелге қашқан ломбард құрылтайшысы мәлімдеме жасады - видео
Ал оның алдында "Гарант 24 Ломбард" құрылтайшысы, қаржы пирамидасына қатысты істе басты күдікті Аслан Мырзабеков Молдовадан Қазақстанға экстрадицияланды.
Тағы бір күдікті А.Ысқақов тергеуден қашып, Қырғызстан Республикасында жасырынған. Ол Бішкекте ұсталып, 20 сәуірдеҚазақстанға жеткізілді.
Ломбард төңірегіндегі дау
2020 жылдың 21 ақпанында Қазақстанның бірнеше қаласында "Гарант 24" және "Estate Ломбард" салымшылары компания кеңсесіне жиналып, салған ақшасын қайтарып беруді талап етті. Содан кейін қаржы нарығын реттеу агенттігі аталған ломбардтар жұмысында қаржы пирамидасының белгілері бар екенін байқаған. Ломбард 2019 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істеген.
Аталған ЖШС азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төлеген, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарық құнынан төмен бағаға сатқан.
Бұдан басқа, компаниялар өз клиенттерінен депозит ретінде ай сайынғы сомадан 30-дан 40%-ке дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, салымдар қабылдаған. Барлық ақшалай қаражат бас офиске құйылған.
Қаңтардың соңында қаржы пирамидасына қатысты істе басты күдікті Аслан Мырзабеков Ақтөбеден Орынборға жетіп, ол жақтан Мәскеуге ұшқан. Содан кейін пойызбен Кишиневке аттанған. Қазақстандық тараптың арнайы өтініші бойынша оны Молдова полициясы ұстады.
Ал 28 ақпанда елден кетпек болған сәтінде "Выгодный займ" ЖШС құрылтайшысы Жанболат Есіркепов те тұтқындалды. Күдікті қамауға алынып, тергеу изоляторына жабылды.