НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз – Sputnik. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі өзінің Facebook парақшасында Абай өлеңдерін оқып жатқан америкалықтардың видеосын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Сәлеметсіздер ме! Менің атым – Аби. Мен екі жыл бойы Америкада қазақ тілін оқыдым. Содан кейін Ақтау қаласында ағылшын тілінен сабақ бердім. Абайды қазақ тілінде оқыған сондай керемет!", - дейді америкалық бойжеткен.
АҚШ-тың Калифорния штатында оқитын Людвиг қазақ тілін Fulbright FLTA бағдарламасы аясында үйреніп жүр.
"Бүгін мен Абай Құнанбайұлының "Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы" деп аталатын өлеңінің алғашқы екі шумағын оқып беремін", - деді студент жігіт.
Джошуа да Абай өлеңдерін жақсы көремін дейді. Ол өзінің сүйікті шумағын оқып берді.
Жастарға үлкен кісілер де қосылды. Брет Уэстбрук қазақ тілін АҚШ-та жүріп үйренді. Оған Fulbright FLTA бағдарламасы аясында Америкаға барған мұғалім Әсем Ізмұханова дәріс берді.
АҚШ елшілігі осыдан төрт жыл бұрын түсірілген видеоны жариялады. Сол кезде қазақстандықтар арасында танымал болып кеткен Грейс Гаррет укулелемен (музыкалық аспап – Sputnik) Абайдың "Көзімнің қарасы" әнін орындайды.
10 тамыз – Абай күні: мерекелік шараларға шолу
"Естеріңізде ме? Грейс Гаррет Қазақстанға келіп, осы елдің дәстүрлі әндеріне ғашық болған музыкант. Ол "Көзімнің қарасы" әнін укулелеге салып шырқап, сонымен танымал болған. Грейстің арқасында Абайдың шығармашылығымен Қазақстаннан тыс жерде көптеген адам танысты", - дейді елшілік қызметкерлері. ⠀