НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы №66 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Толқын Батырбайқызы instagram желісіндегі парақшасына білім министрінен мотивацияға толы хат алғанын жазды.
"Кеше түнде сабақтарыма дайындалып отырып, электронды почтамды ашып қалсам, бас ұстазымыз Асхат Қанатұлынан хат келіп тұр. Хатты оқып көзіме жас келді. Хат соңында бойымда әлдебір күш пайда болғандай, жігерлендім", – деп жазды автор.
Сондай-ақ, ол қарапайым ұстаз ретінде министрден жылы лебізге толы хат алғанына қуанып, мамандығына деген құрметі артқанын атап өткен.
"Шынымды айтсам, өз мамандығыммен кеудемді мақтаныш кернейді. Неге дейсіз ғой?! Себебі, біз адаммен жұмыс істейміз. Жәй қарапайым адаммен емес, еліміздің жарқын болашағын жасайтын бақытты балалармен жұмыс істейміз. Иә, мына пандемия бәріміздің еңсемізді түсіріп тастағаны рас. Бұл қиын кезеңде біздің жұмысымыз екі есеге өсті. 4 тоқсанда 3 сағаттық ұйқымен телесабақтар өткізген күндер де болды. Міне, жаңа оқу жылына да телесабақтарға қызу дайындықтамыз. Осындай нағыз қолдауды қажет ететін сәтте министр мырзадан мотивацияға толы хат келгенде, еңсемізді тіктеп, жұмысқа деген шабыт оянады екен. Алғысым шексіз", – деп жазды ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен қатар, автор бүгінгі таңда ұстаздарға балалар мен олардың ата-аналары ғана емес, бүкіл ел үміт артып отырғанын жеткізді.
"Сондықтан, қазіргі жағдайда біздің міндетіміз тек оқыту ғана емес, сонымен қатар тұрақтылық пен сенімділікке бағыт беру. Шыдамды болып, мейірімділік пен ұстамдылық таныта білу. Оны оқушыларыңызға да үйретуге тырысыңыз, деген жігерге толы хат бізді алға жетелегендей", – деп жазады ұстаз.
Аймағамбетов ұстаздарға арнаған хатында не жазды
Министр өз хатында әріптестерінің қазіргідей қиын кезеңде отбасымен бірге аман-есен, денсаулығына еш қауіп төнбейтін жағдайда жүр деп үміттенетінін білдірген.
"Сізге пандемия жағдайындағы баға жетпес ұстаздық еңбегіңіз үшін, жанкешті жұмысыңыз бен кез келген уақытта балаларымызға тіреу болуға деген ізгі ниетіңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Біз сізбен осынау қиын уақытты еңсеру жолындамыз. Коронавирус пандемиясы баршамыздың тұрмыс-тіршілігімізге әсер етті. Сүрінбей өтуге тиіс түрлі сынақтарға толы уақыт басталды. Осыдан жарты жыл бұрын мұндайды тіпті елестетпеген едік. Өкінішке орай, жақын адамдарымыздан айырылып жатырмыз. Білім және ғылым жүйесі адами құндылықтарды дәріптеген, ұрпақты тәрбиелеп, білім берген арда азаматтарынан – сала ардагерлерінен, біздің қымбатты әріптестерімізден айырылуда", – деп жазады министр.
Сондықтан да, туысы мен достары көз жұмған әріптестерімнің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын деген Аймағамбетов кез-келген қиындық бізді шыңдай түсіп, мұндай сынақтар жігерімізді қайрап, рухымызды мықты ететініне сенім артқан.
"Осынау қиын-қыстау кезеңде бірге болуымыз аса маңызды. Біздің күшіміз – біздің бірлігімізде. Біз кез келген қиын міндеттерді бірде-бір баланы ескерусіз қалдырмай, бірлесе отырып шеше аламыз", – деп ол жүрекжарды лебізін білдірген.
"Қазір бізге балаларымыз бен олардың болашағы үшін және тек білімі ғана емес, денсаулығы мен моральдық жағдайы үшін де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Оқушыларымыздың мейлінше қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына қажетті жағдайдың барлығын жасауымыз керек.
Мемлекет басшысы атап өткендей "Мұғалім – білім беру жүйесінің негізі. Біздің балаларымыздың білім деңгейі мұғалімдерге жасалған жұмыс жағдайларына тікелей байланысты". Президент бұл сөздермен мұғалімдердің білім беру жүйесіндегі рөлінің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр. Жағдай орнығады. Дәрігерлермен бірігіп біз індетті бірге жеңеміз, бұрынғы өмір біртіндеп қалпына келе бастайды. Оған дейін бәріміз оқушылар мен ата-аналарға және бір-бірімізге тіреу бола білуіміз қажет", – дейді Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Білім күні қалай өтеді – министр жауап берді
Алғыс айтудың ешқашан артықшылығы болмайтынын атап өткен министр әрбір ұстазға төртінші тоқсанда атқарған ерен еңбегі үшін тағы бір мәрте рақметін жеткізген.
"Сіз – нағыз батырсыз. Сіздің қуатты қолдауыңызды сезініп отырмын. Сол себепті де ертең балаларымыздың білімін жетілдіру жолында еш кедергі болмайтынына сенемін. Біз техникалық және моральдық қиындықтарға қарамастан барлық қолайсыздықтарды жеңе аламыз. Бірге болсақ, күшіміз бен мүмкіндіктеріміз де арта түспек. Қиын кезеңдер өтеді де кетеді, сынаққа сынбай, болашағына сенген жігері мықты адамдар ғана бәрін жеңеді! Жаңа оқу жылында жолыққанша!", – деп түйіндейді министр.