Өңірлер

"Жалаңаш кісіні көрдім": Сәтбаевтағы сойқанға қатысты тың дерек шықты   

© Sputnik / Анастасия КуприяноваПлюшевая игрушка на детской площадке, архивное фото
Плюшевая игрушка на детской площадке, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
62 жастағы күдіктінің әйелі, бөлек тұратын балалары мен немерелері бар болып шықты. Қылмыс жасалатын күні әйелі саяжайға кеткен

НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Сәтбаевтағы тұрғындар мен полиция арасындағы қақтығыстан кейін ұсталған адамдар саны 19-ға жетті.  

Тергеу амалдарында бұл сан еселеп өсуі мүмкін. Өйткені 24  шілдеге қараған түні қалада ойран салғандардың саны мыңға жуық. Оларға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен айып тағылған, деп хабарлады КТК.

Айта кетейік, қақтығысқа қалада жоғалған 5 жастағы қыздың ересек көршісінен қорлық көруі себеп болды. Ашынған топ полициядан күдіктіні беруді талап етіп, істің соңы насырға шапқан болатын.

Сәтбаевтағы бүгінгі тіршілік қалыпты. Астан-кестеңі шыққан подъезд де тыныш. Тек сол күнгі оқиғаны тұрғындар көпке дейін ұмыта алмайды. 

Сәтбаевтағы оқиға: полицияның педофилді үйінен қалай алып шыққаны белгілі болды 

Жоғалған бүлдіршінді табуда бейнекамераның көмегі зор болған. Өйткені бейнетаспада қыздың подъезге кірген сәті бар да, шыққаны жоқ. Сондықтан полиция мен еріктілер подъездегі барлық пәтерді тінти бастаған. Күдік тудырғаны – есігін ашпаған бірінші қабаттағы пәтер.

"Адамдар терезеден іште біреу бар екенін байқап қалды. Полиция қызметкерлері есікті сындырып, ішке кірді. Денесін жалаңаштаған кісіні ұстап жатқанын өз көзіммен көріп, камераға түсіріп тұрдым. Сосын ашынған халық терезені шағып, торын жұлып алды. Ішке жастар кіре бастады", - дейді Сәтбаев қаласының тұрғыны Ботагөз Бұшманова.

Қызды ата-анасына беріп, күдіктіні шығармақ болғанда ойран басталған. Ашу-ызыға ерік бергендер пәтерге баса көктеп кірген. Үй алдында азғантай полицейлердің ырқына көнбеген қарақұрым жұрт есік алдындағы мүлікті де талқандауға кірісіпті. Істің насырға шапқанын көрген полицейлер күдіктіге полиция киімін киіндіріп үйден алып кеткен.

"Оны үйден алып шығу қиын болғаннан кейін киімін ауыстырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Содан жиналғандар полиция бөліміне келді. Бақылау пунктін сындырып, тас лақтырып, біраз шығын келтірді", - дейді Сәтбаев қалалық ПБ бастығы Жандос Қарабеков.

Полиция бөлімінің алдында бірнеше қызметтік көлік талқандалып, бір жеңіл көлік пен автобус өртенді. Ғимарат та зақымдалған. Жалпы келген шығын көлемі 60 миллион теңге.

Оқиғадан екі апта өткенде ғана басты күдіктінің пәтерін жақындары жинастырып жүр. Сұхбаттан ат-тонын ала қашты. Белгілісі, 62 жастағы тұрғынның әйелі, бөлек тұратын балалары мен немерелері бар екен. Сол күні оның әйелі саяжайға кетіп, күдікті үйде жалғыз қалған.

Тергеу мәліметінше оған адам ұрлау және зорлау баптары бойынша айып тағылған.  

Жаңалықтар
0