НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоластындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшыларды отставкаға жіберу және тәртіптік жазаға тарту нормасының орындалуы бойынша есеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғасын тәртіптік жауапкершілікке тарту жоспарланған болатын. Атап айтқанда, индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Баитовқа тікелей бағынатын қызметкер сыбайлас жемқорлық әрекетін жасаған. Заң бойынша комитет басшысы жауап беруі тиіс.
"25 шілде күні комитеттің Ақмола облыстық департамент басшысы Молдағұловқа қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Мамыр айында ол бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы кәсіпкерден 700 мың теңге сомасында заңсыз сыйақы алып, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында аттестат алуға қатысты оң шешім қабылдауға уәде берді", - дейді агенттік мамандары.
Департамент басшысы осы қылмыс үшін параның он есеге артық мөлшерін, яғни, 7 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан да өмір бойына айырылды. Алайда комитет төрағасы Баитов Молдағұловқа қатысты сот үкімінің заңды күшіне енуіне дейін өз еркімен қызметінен босатылды.
"Бұдан бөлек, Қостанай облысы әкімінің өкімімен білім басқармасының басшысы Цымбалюк өз еркімен жұмыстан кетті. 29 шілде күні оған бағынышты "Ақпараттандыру және білім сапасын бағалау орталығы" КММ-нің басшысы Павличенко қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша кезекті төлемді жедел аударғаны үшін пара алған. Сот үкімі заңды күшіне енбеген", - деді құқық қорғаушылар.