Қоғам

Шенеуніктер оқушыларға бөлінген қаржыны жымқырды

© Sputnik / Максим Богодвид / Медиабанкке өтуНоутбуки и планшеты с разными электронными учебниками, архивное фото
Ноутбуки и планшеты с разными электронными учебниками, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғалары қызмет бабын пайдалана отырып, ірі көлемде бюджет қаржысын ұрлағаны үшін айыпталып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай кезінде оқушыларға ноутбук сатып алуға бөлінген қаржы ұрланды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, "БҚО Қаратөбе ауданының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Олар қызмет бабын пайдалана отырып, ірі көлемде бюджет қаржысын ұрлағаны үшін айыпталып отыр.

"2020 жылдың мамыр айында Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде мердігерлік ұйымның бір топ адамымен бірлесіп, 100 дана ноутбук сатып алуға бөлінген 6 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, биыл жаңа оқу жылы да қашықтан оқыту форматында басталады. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларды қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етуге тапсырма берген. Себебі, төтенше жағдай кезінде компьютерлердің тапшылығы сезілді.

4 тамызда өткен үкіметтің онлайн отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қолында ешқандай құрылғысы жоқ балалардың өзі аз емес екенін айтты. Олардың саны 185 мыңнан асады. Әсіресе, көпбалалы, жағдайы төмен және жетім балаларды қажетті техникамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр.

Оқи отырыңыз: Жаңа оқу жылында студенттер қалай оқиды – білім министрі түсіндірді

Министр 1 қыркүйекке дейін оқушыларға 500 мың компьютерді таратып беруге уәде берді. Бұдан бөлек, 24 мың мұғалімде арнайы құрал-жабдықтар жоқ. Оларға мектеп техникасы уақытша беріледі.

Жаңалықтар
0