АЛМАТЫ, 7 тамыз – Sputnik. Алматыда үй карантинін сақтамаған 15 науқас карантиндік стационарға жатқызылды. Бұл туралы брифинг барысында Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"1300-ге жуық ауру белгісі жоқ және аурудың жеңіл түрімен ауырып жатқан науқас үйде карантинде отыр. Оның ішінде 600-ден астам адамда ауру белгілері жоқ. Алайда қазір үйдегі карантин талаптары бұзылып жатыр деген ақпарат түсуде. Мұның алдында 200-ге жуық ауру ошағын тексерген кезде, 23 адам үй карантинінде отырмағаны анықталды. Бұл – алаңдататын көрсеткіш. Себебі олар ауруды таратып жүреді", - дейді Бекшин.
Сонымен қатар қаланың бас дәрігері ауру симптомдары жоқ науқастарды ең қауіпті науқас деп атады.
"Осыны тоқтату үшін тамыздың үшінен бастап үйдегі карантинді бұзған науқастарды карантиндік стационарға орналастырып жатырмыз. Кейінгі 3-4 күнде дәл осы себеппен 18 адам стационарға жатқызылды. Оның ішінде өз еркімен үш адам стационарға келді. Олар үйінде жалғыз оқшаулануға мүмкіндігі жоқ адамдар", - деді қаланың бас санитар дәрігері.
Бекшиннің айтуынша, қазір арнайы топ үй карантиніндегі ауру белгілері жоқ науқастарға қоңырау шалады. Егер олар үйде болмаса, әкімшілік шаралар қолданылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес, 83 340 теңге көлеміндегі айыпұл төлейді. Егер адам айыппұлды бір апта ішінде төлесе, онда бұл сома 50 процентке азаяды. Ал сол уақыт арасында біреуге инфекция жұқтырса, қылмыстық іс қозғалады. Сонымен қатар Жандарбек Бекшин қалада инфекция жұқтырғандардың азайып жатқанын хабарлады.
"Алматыда бір ай ішінде коронавирус жұқтырудың күн сайынғы өсімі 4,2%-тен 1,4%-ке дейін төмендеді. Инфекция таралуының шыңына жеткен кезде бір науқас төрт адамға инфекция жұқтыруы мүмкін болса, қазір бұл көрсеткіш 0,9%-ке дейін төмендеді. Демек, қазір бір науқас бір адамға инфекция жұқтырады. Бұл індеттің таралуының төмендегенін көрсетеді", - деді Бекшин.
Айта кетсек, жетінші маусымдағы жағдай бойынша Алматы қаласы бойынша 12 997 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды, оның ішінде 7 897 адамда ауру белгілері бар, ал қалған 5 110 адамда ауру белгілері жоқ.
Алматыда ең көп ауру жұқтыратындар 20-29 жас аралығындағы жастар, олар науқастардың 21%-ін құрайды, науқастардың 20,6%-і – 30-39 жас аралығындағы азаматтар. Ал алпыс жастан асқан науқастар инфекция жұқтырғандардың 17,7%-ін құрайды.