Қоғам

Қазақстанда карантин кезінде қандай мәселе ушыға түскені айтылды

© Sputnik / Владислав ВодневАстанчане в Ботаническом парке во время карантина
Астанчане в Ботаническом парке во время карантина - Sputnik Қазақстан
Жазылу
16 наурыз бен 11 мамыр аралығында 156 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Ал қатаң карантин уақытында жеті қылмыстық іс қозғалған

НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті карантин кезіндегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың статистикасын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің бастығы Әсет Оспановтың айтуынша, биыл коронавирус пандемиясы басталғалы әлем бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ушыға түсті. 

"Қазақстан да осындай жағдай болды. Отбасылық-тұрмыстық қылмыстардың саны 21 процентке өсті.  Қазіргі кезде полиция қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Әріптестеріміз пандемия кезінде өздеріне және туған-туыстарына қауіп төніп тұрса да, қызметтік және азаматтық міндеттерін абыроймен атқарып жүр", - деді Оспанов бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, карантин кезінде полиция қызметкерлерінің жұмысы көбейді. Қоғамдық тәртіппен қатар санитарлық режимді бақылау жұмысы жүргізіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты дер кезінде анықтауға да басымдық беріледі. Осы орайда карантин жағдайында тәртіп бұзушыларды бақылаудың тың әдісі қолға алынды. Тіркеуде тұрған және тәртіп бұзуға бейім адамдарды қашықтан бақылап отырады.  

"Біз оларға әлеуметтік мессенджерлер арқылы видеоқоңырау жасаймыз да, үйдегі жағдайды өз көзімізбен көреміз. Бұл – тиімді шара. Себебі байланысқа шұғыл шығуға болады. Жалпы, оқшаулау шаралары кезінде отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы тәртіп бұзушылықтар үшін 8 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың жартысы әкімшілік қамауға алынған болатын", - деп атап көрсетті Оспанов.

Төтенше жағдай режимі кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істер де қозғалды. Мәселен, 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында 156 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Ал қатаң карантин уақытында, яғни, 5 шілдеден бері жеті қылмыстық іс қозғалған болатын. Бүгінде екеуі сотқа жолданды.

Жаңалықтар
0