НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Бейрутта жарылыс болған күні жас жұбайлар қаланың көрікті жерлерін аралап, суретке түсіп жүрген. Ал қалыңдықтың видеоға түсіп жатқанда жойқын жарылыс болды. Осы сәттің видосы желіде тарап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Globalnews-ке сілтеме жасап.
Сол күні Исраа Себлани есімді қалыңдықтың қуанышында шек болмады. Ол ұзын ақ көйлегін киіп, қаланың орталығында видеоға түсіп жүрген. Бірнеше секундтан кейін жойқын жарылыс болды. Қыздың гүлі ұшып кетті. Өзі екпінді толқынның әсерінен құлап қала жаздады. Күйеуі оны бірден қауіпісіз жерге алып кетті. Жақын тұрған үйлердің терезесі сынды. Айнала көк түтінге оранды.
Жас жұбайларды түсірген фотограф Махмұд Нақыб видеоны үзбеген. Ол бірден есін жиып, жарылыстан кейінгі жағдайды көрсетті.
"Мен дірілдеп тұрмын. Бұл жерде өте қатты жарылыс боды. Әйнектердің бәрі быт-шыт болды, кейбір адамдар жарақат алды. Бірақ, Аллаға шүкір, біз аманбыз", - деді Нақыб араб тілінде.
Ал бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген Исраа Себлани жарылыс кезінде қандай күйге түскенін айтты.
"Мен кез келген қалыңдық сияқты өте бақытты болдым. Ата-анам да мені ақ көйлекпен көргенде сондай бақытты болды. Өзімді ханшайымдай сезіндім. Ал жарылыстан кейін есеңгіреп қалдым. Мен өлемін бе? Қалай болады? деген сұрақтар санамды жаулап алды", - дейді Себлани.
Айта кетейік, 4 тамыз күні Бейрутта болған жойқын жарылыстан 135 адам қаза болды. Ал жарақат алғандардың саны бес мыңнан асады. Жақын маңдағы және бірнеше шақырым қашықтықтағы үйлер мен ғимараттар қирады. Ливандағы Қазақстан дипломатиялық миссиясының ғимаратына да зақым келді.
Ливанның премьер-министрі Хассан Диабтың айтуынша, сол күні теңіз портының қоймасында тұрған 2750 тонна аммиак селитрасы жарылған. Бейрут портының бірнеше шенеунігін үй қамаққа алуға тапсырма берілді.