Экономика

Жалған құжат жасайтындар көбейген: Ақорда көлеңкелі экономика туралы деректер жариялады

© Sputnik / Кирилл Каллиников / Медиабанкке өтуКасса
Касса - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қауіпсіздік кеңесі аппараты жұмысының негізгі басымдықтарының бірі – экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады

НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Қауіпсіздік кеңесінің аппаратында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элимановтың қатысуымен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды akorda.kz сайты.

Мемлекет басшысы коронавирус инфекциясымен күреске бөлінген бюджет қаражатының мақсатты және ұтымды пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етіп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымының жолын кесуді тапсырғаны белгілі. Сонымен қатар, қаржы пирамидаларына қарсы күрес жөнінде де тиісті ведомстволарға бірқатар міндеттемелер жүктелген.

"Осындай мақсатпен жүргізілген тексерулер нәтижесінде заңсыз айналымнан 9,6 милилоннан астам медициналық бетперде мен 65 мың литр антисептик, 819 миллион теңге шамасында түрлі дәрілік препараттың 388,2 мыңнан астам орамасы тәркіленіп, аумақтық денсаулық сақтау органдарына тапсырылды", – делінген хабарламада.

Бұдан басқа, Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібінде көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің кешенді тәсілін ұйымдастыру мен көлеңкелі айналымды болдырмау жөніндегі мәселелер де қаралды.

Жалған шот-фактура жазатындар 2,5 есе көбейген

Сала мамандарының айтуынша, биыл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шеңберінде жалған шот-фактураларды жазып беру фактілеріне қатысты қылмыс саны 2,5 есеге артқаны анықталған (2019 жылдың 6 айында – 94, ал ағымдағы жылдың сәйкес кезеңінде – 242).

"Ұйымдасқан қылмыспен күрес бағытындағы жұмыстар белсенді түрде жалғасып жатыр. Мысалы, Атырау облысында 1,8 миллиард теңгенің жалған шот-фактурасын шығарғаны туралы қылмыстық іс сотқа жіберілді. Заңнамалық сипаттағы іс-әрекеттер мен қабылданған шаралардың нәтижесінде қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру сомасы бес жылда алғаш рет 36%-ға төмендеді", – деп толықтырылған жарияланған мәліметте.

Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты мемлекетке келтірілген экономикалық залалды өтеу болып табылады. Бірінші жартыжылдықта қаржы мониторингі комитеті 743 қылмыстық іс тергеп, 560 істі мәні бойынша сотқа жолдаған. Ал қылмыстық істер бойынша анықталған залал 38,4 миллиард теңгені құрады. Оның шамамен 32 миллиард теңгесі мемлекетке келтірілген шығын болса, мемлекет кірісіне 21,1 миллиард теңге өтеліп, 9,6 млллиард теңгелік мүлікке тыйым салынды.

Оқи отырыңыз: Ақорда бірнеше қылмыстық істің қозғалғаны туралы ақпарат таратты

Хабарламада құзырлы органдар айналысқан тағы бір басты бағыттың бірі – қаржы пирамидалары (29 қылмыстық іс тіркелген) мен заңсыз ойын мекемелері (117 қылмыстық іс, 160 орын жойылған) және жалған ақша жасаумен (161 іс) күрес болып табылатыны айтылған.

Жаңалықтар
0