НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз — Sputnik. Түркияның авиациялық билігі Қазақстаннан рейстерге тыйым салынғанын Air Astana өкіліне телефон арқылы жеткізді. Бұл уақытта әуе компаниясының ұшағы ұшу-қону жолағына жол тартқан болатын, деп хабарлайды Air Astana компаниясының баспасөз қызметі.
5 тамыз күні жергілікті уақытпен сағат 17:55-те Алматы - Стамбұл - Алматы бағыты бойынша әдеттегі халықаралық рейс жоспарланған. Алайда әуе кемесінің есігі жабылып, ұшу жолағына бара жатқан кезде түркиялық тараптан қоңырау түсті. Түркияның авиациялық билігі Қазақстаннан рейстерге тыйым салынғанын хабарлады.
"Ресми хат тек бір сағаттан кейін келді. Құжатта Түркия Қазақстан, Иран және Ауғанстанмен арадағы рейстерге тыйым салғаны жазылған, тек репатриациялық рейстер болады. Олар Түркияның сыртқы істер министрлігімен келісілуі керек", - делінген хабарламада.
19:55-те Air Astana бір рейске ғана рұқсат алды. Екі сағаттан соң Түркия кіруге рұқсаты бар 101 жолаушы осы бағытта ұшты.
Air Astana түркиялық тарап бұл тыйым туралы алдын ала ескертпегенін айтты. Салдарынан шығын мен жолаушыларға қолайсыздық тудырды.
Еске сала кетсек, 20 маусымда Қазақстан бірқатар елмен әуе қатынаын жандандырды. Қазақстандықтар Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд, Грузия және Жапонияға қайта бара алатын болды. Алайда кейін Түркия қазақстандықтарды қабылдамайтынын хабарлады.