Қоғам

Бала зорлық-зомбылыққа ұшыраса, қайда хабарласу керек – "111" нөмірі қайта іске қосылды

CC0 / pixabay.com / Рука ребенка в руке взрослого
Рука ребенка в руке взрослого - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"111" байланыс орталығы Nur Otan партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің бастамасымен жұмысын бастайды

АЛМАТЫ, 6 тамыз – Sputnik. Қазақстанда 2020 жылдың қыркүйегінен бастап балалар мен ересектер үшін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша "111 шұғыл қызмет" байланыс орталығы қайта іске қосылады. Қоңыраулар тәулік бойы қабылданады, барлық өтініш қатаң құпия сақталады.

Байланыс орталығын құру бастамасын Nur Otan партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес көтерді.

2019 жылдың қыркүйегінде балалар омбудсмені Аружан Саин 2017 жылдан бастап бала құқықтары жөніндегі уәкілдік жанында жұмыс істеген "111" колл-орталығын жабуды ұсынды. Ол балалар мен жастарға арналған "150" ұлттық сенім телефоны бар екенін, ал "111"  нөміріне мемлекеттік бюджеттен үлкен сома жұмсалатынын атап өтті.

Қазақстанда "111" байланысын неліктен қайтарылды, байланыс орталығын кім қаржыландырады және балаларға қандай көмек көрсету керек деген Sputnik Қазақстан сұрақтарына балалар мен отбасы құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі Жанна Ахметова жауап берді.

"111" колл-орталығын бұрынғы қалпында қайтардық деп айтуға келмейді. Ол кезде бұл орталықты басқа адамдар ұйымдастырып, қадағалады. Қазір партия колл-орталықты қолға алды. Оны "100" деп атай алатын едік, бірақ оның не керегі бар? Өткен жылы Nur Otan партиясы жанындағы балалар мен отбасы құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес қазақстандық балалар тұратын, оқитын, емделетін барлық мекемелерді бақылау үшін бүкіл елді аралап шықты. Біз әр ауылды аралап, барлық жерде осы нөмірмен плакат қоюды талап еттік. Әрбір шалғайдағы ауылда бұл нөмір жазулы тұр, барлық мектепте бар", - деп түсіндірді Ахметова.

"111" нөмірін басқа нөмірге ауыстыру ақылға сыймайтын шешім болар еді, деп жалғастырды ол.

"Балалар бұл нөмірді біледі. Біз балалар үшін және балаларға жұмыс істейміз", - деді Ахметова.

Ал "150" нөмірі үкіметтік емес ұйымға жұмыс істейді, деп еске салды спикер.

"Үкіметтік емес ұйым – тұрақты емес құрылым. Біз балалар үшін бүкіл елге бір нөмір қалдыра алмаймыз. Сол колл-орталықтың жұмысын қолдаймыз және балалардың құқықтарын қорғау үшін мұндай нөмірлер мүмкіндігінше көп болуы керек деп санаймыз. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайының психологиялық және физикалық, тұрмыстық, жыныстық жағынан өте жаман екенін көріп отырмыз. Ел бойынша осындай он нөмір ашылса да, қолдаймыз", - деді Ахметова.

"111" ересектер мен балаларға қалай көмектеседі

Айтуынша, "111" байланыс орталығының операторлары өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға көмек көрсету үшін жедел топтармен тікелей байланыста болады.

"Колл-орталық қалай жұмыс істеуі керек? Мысалы, шартты түрде Алматы облысының Қарабұлақ ауылынан қоңырау келіп түсті. Әйелдің айтуынша, көрші үйде жанжал жиі шығатын отбасы тұрады. Ол сол үйдің ата-анасы ішіп келіп, балаларды ұрады деп ойлайды. Сол кезде колл-орталық операторы ақпаратты облыстағы жедел топқа жібереді. Ол отбасымен жұмыс жүргізіледі, көмек көрсетіліп, ата-аналарымен әңгімелеседі, балаларды медициналық тексеруден өткізеді. Егер жағдай түзелмесе, онда балалар отбасынан ажыратылады. Қазір біз колл-орталық жедел топтармен тікелей жұмыс істеуі үшін осы жұмысты пысықтап жатырмыз", - деп мысал келтірді Ахметова.

Топ құрамына учаскелік, патронаждық қызмет, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия өкілдері, әкімдік өкілдері кіреді.

"Олар балалар тұратын қолайсыз отбасыларды анықтайды. Колл-орталық  партия бюджетінен қаржыландырылады деп ойлаймын", - деп жауап берді Ахметова.

Nur Otan партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрайымы Динара Закиеваның ақпараты бойынша, жылына екі мыңнан астам балаға қылмыс жасалады. Олардың 700-ге жуығы жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы, балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайының шамамен 60%-і отбасы ішінде болады.

"Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі "111 шұғыл қызмет" байланыс орталығы түрлі жағдай бойынша көмек көрсету үшін ашылды. Балалар мен ересектерге көмек қажет болса немесе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары туралы, балалардың құқықтарының бұзылуы туралы, баланың көшеде, үйде, көлікте жалғыз қалғаны немесе оның өміріне, денсаулығына қауіп төніп тұрса, зорлық-зомбылық пен қатыгездік жасалса немесе олар балаларға қауіп төндіретін объектіні, мысалы, ашық люкті, жоғары вольтты желіні, су көзін көрсе, қайда жүгінуге болатынын білуі керек", - деп атап өтті Закиева.

Nur Otan партиясының ақпараты бойынша, өмірлік қиын жағдайда отбасыларға көмек көрсету үшін 2 182 жедел топ ашылды (жергілікті атқарушы органдардың қазіргі қызметтік міндеттері бойынша).

Сондай-ақ, кеңес мәжіліс тобында балаларды қорғау және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істейді.

Неге бұрынғы байланыс орталығы жабылды

2019 жылдың қыркүйегінде балалар омбудсмені Аружан Саин "111" колл-орталығын қаржыландыруды тоқтатып, оны жабуды ұсынды.

"111" жедел жәрдемді ұйымдастыруға арналған байланыс орталығы  2017 жылы құрылды және бала құқықтары жөніндегі уәкілдік жанында жұмыс істеді. "KT Cloud Lab" ЖШС жобасы іске асырылды. 2017 және 2018 жылдары колл-орталықты қаржыландыруға 166 815 000 теңгеден, ал 2019 жылы – 200 миллион теңге қаражат бөлінген. Яғни, жалпы алғанда – 533 630 000 теңге.

Оқи отырыңыз: Алматыда әбден ашынған балалар Тоқаевтан көмек сұрады

Саин бұл шығындардың ақталмағанын айтты. Ол елде 2005 жылдан бастап балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефоны (нөмірі 150) жұмыс істейтінін атап өтті. Олардың бюджеті, балалар омбудсменінің мәліметі бойынша, жылына 15 070 000 теңгені  құрайды. Саин бұл байланыс орталығын қаржыландыру бизнесті және мемлекеттік емес гранттарды қолдау арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті.

Жаңалықтар
0